Бір жыл бұрын Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының бастамасымен Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Дін мен дәстүр» залы ашылған болатын. Бүгінде ҚМДБ мен Ұлттық кітапхана арасындағы тығыз байланыс нәтижесіенде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
Соның бірі 130 жыл бұрын «Абдурахмани» баспасынан жарық көрген қасиетті Құран кітабы қайта өңделді. Реставрациядан өткен көне кітапты ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлына Ұлттық кітапхана директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрайымы Бақытжамал Қайырбекқызы мен «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қызметінің» жетекшісі Айхан Құдайбергенқызы табыстады. Көненің көзі болған құран кітабы һижри 1310 жылы, миләди 1893 жылы басылыпты. «Қасиетті Құран кітабын толықтай өңдеп, парақтарын емдеп, кітапқа екінші өмір сыйланды» деді Ұлттық кітапхана директоры.
Өз кезегінде наиб мүфти: «Қазақ елінің дін мен дәстүрін дәріптеуде ҚР Ұлттық кітапханасы мүфтиятпен бірлесіп үлкен жұмыстар атқауда. Осылайша бірігіп Қазақстан халқының руханиятына зор үлес қосып келеміз» деп атап өтті.
Кездесуде алдағы уақытта да ҚР Ұлттық кітапханасымен сирек кітаптар мен қолжазбаларды бірлесе отырып зерттеу жасалатыны айтылды. Сөз соңында ата-баба рухына Құран бағышталып, еліміздің амандығы үшін дұға жасалды.