Кеше Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасының көрме залында «Алматы - Ислам мәдениетінің астанасы – 2015» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ислам әлеміндегі ұлы ғалымдар еңбектерінің кітап көрмесі ашылды. Бұл жайында ҚазАқпарат агенттігі хабарлады.
«2009 жылы Бакуде Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің мәдениет министрлерінің төртінші ислам конференциясында Алматы қаласы Азия аймағы бойынша Ислам мәдениетінің 2015 жылғы астанасы болып жарияланды. Қала тектен-текке бекітілген жоқ. Алматы – Қазақстанның мәдени астанасы, ғылым мен білімнің алтын бесігі. Қаламызда 300-ден аса мәдени орталық, 115 тарихи құндылыққа ие ескерткіш бар. Алматы қаласының Ислам мәдениетінің астанасы болып жариялануы – Ислам көкжиегінің одан әрі кеңеюіне, қаламыздың әлемдік деңгейдегі мәдениет орталықтарының біріне айналуына үлкен үлес қосады», – деді өз сөзінде ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының басшысы Айхан Бекболатова.
Көрмеде ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан XII-XVIII ғғ. көне қолжазба Құрандар, Сүлеймен Бақырғанидің «Хикметтері» (XVIғ.), шығыс ақындары Низами, Навои, Сағди, Хафиз, Жәми, Физули және тағы басқа да ақындардың ислам діні бойынша поэтикалық жанрда шағатай, араб және парсы тілдерінде жазған қолжазбалары көрермен назарына ұсынылды.
Көрменің тарихи-мәдени және танымдық маңызы өте зор. Ол келушілерге бұрынырақ ғалымдардың тек шағын тобына ғана қолжетімді болып келген жазба мұралардың баға жетпес раритеттерімен танысуға мүмкіндік береді.
Іс-шараға «Нұр-Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің өкілдері, Алматы қаласы мешіттерінің бас имамдары мен дінтанушы-ғалымдар, журналистер, жоғары оқу орындарының студенттері және Алматы қаласының кітапханашылар қауымы шақырылады.