ИНТЕРНЕТ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ӘДЕБІ

ИНТЕРНЕТ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ӘДЕБІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Дүниеде берілген нығметтер екі ұшты пышақ секілді оны дұрыс пайдаланатындар үшін кеңшілік пен сый болса, Алланы және ақыретті ұмытатындай дәрежеде мастанып, дүние қуып кеткендер үшін үлкен қасірет.

Муминун сүресінің 115 аятында: “(Уа адамдар!) Расында Біз, сендерді босқа жараттық әрі Бізге қайтарылмаймыз деп, ойладыңдар ма?”, - дейді. Сондықтан бізге берілген рухани және материялдық нығметтерді қалағанымызша еркін қолданбай Алланың ризашылығын ескере отырып өмір сүруіміз керек. Өйткені, «Сол күні, (дүниеде берілген) әр нығметтен әлбетте сұраққа тартыласыңдар». ("Тәкәсур" сүресі 8)

Осындай жауапкершіліктерді ескере отырып мұсылман адам, телефон, теледидар, интернет желісі секілді байланыс заттарды сақтықпен қолдануы және қолдану кезінде бірқатар әдеп-ережелерді сақтауы қажет. 

1)УАҚЫТТЫ ЫСЫРАП ЕТПЕУ

Уақыт бізге соншалықты қымбат зат, бос және мағынасыз нәрселерге ысырап жасау ақыретімізді қауіп қатерге тігу. Аср сүресінде: «Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Тек иман келтіргендердің, соған сай игілікті істер атқаратындардың, бір-біріне ақиқатты насихаттайтындардың,және бірін-бірі сабырға шақыратындардың жөні бөлек» - деп көпшілік адамның уақыттың қадіріне жете алмай жүргендігін айтады. Алла Тағала құлдарының уақытты қолдану жайында қасіреттен құтылып үлкен сыйға ие болуы үшін мынадай кеңес беруде: "Бір іс біткенде, дереу басқа іске кіріс, сонымен шұғылдан! Әрқашан Раббыңа, Оның разылығына ұмтыл!" (Инширах сүресі 7-8). Сол секілді Құран Кәрімде "құтылған" муминдердің бір қасиеті де мынадай: «Олар бос және пайдасыз істерден бет бұрады» (Муминун 3)

Хадисте: "Бес нәрсе келмей тұрып бес нәрсенің  қадірін біл: Қарттықтан алдын жастықтың, науқастықтан бұрын денсаулықтың, кедейліктен бұрын байлықтың, қарбаластан алдын бос уақыттың және өлімнен бұрын өмірдің. (Бұхари 3)

Расулаллаһ (с.а.у): "Өлгеннен кейін өкінбейтін ешкім жоқ."деді. Сонда сахабалары: "Ол қандай өкініш иә Алланың елшісі?" деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у): "Жақсы мұсылман жақсылығын еселеп арттырмағанына, жаман адам болса, сол жамандықтарынан бастартпағанына өкінеді" (Тирмизи 59)

2) ӨЗІНЕ ҚАТЫСЫ ЖОҚ НӘРСЕЛЕРДІ ТӘРК ЕТУ

Осы орайда Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген: «Өзіне қатысы жоқ нәрселерден бас тарту, кісінің жақсы мұсылман екенінің нышаны» (Тирмизи, зуһд, 11). Мұсылман виртуалды әлемде де өзіне қатысы жоқ фото, видео, жазбалар т.б. қарап, оқып, оған пікір жазып, пікірталасқа түсудің мүлдем қажеті жоқ.

3) ДҰРЫС БҰРЫСЫ НАҚТЫ ЕМЕС ЗАТТАРДЫ ЖҰРТҚА АЙТУ

Мұсылманның қысыр әңгіме, өсекөтірік, бос сөздер, бәреудің ар намысына тиетін, күлкімазақ ететін дүниелерде өзін аулақ ұстағаны жөн. Алла Тағала бізді осындай жағдайлардан сақтандырып Құранда былай дейді: «Өзің білмейтін бір нәрсенің(мәліметтің) соңына түспе. Расында, адам баласы құлақ, көз және жүрек сынды дене мүшелерін қалай басқарып қолданғанына қатысты (Алланың алдында) жауапқа тартылады.» (Исра сүресі 36)

Хадисте: Әр естігенін жұртқа жаю адамға күнә ретінде жеткілікті. (Әбу Дәуіт, Әдеп 80)

4) ҰЯТТЫ НӘРСЕЛЕРДЕН КӨЗДІ, ЖҮРЕКТІ ҚОРҒАУ.

Интернетте қате жерлерге жақындамау қажет. Құздың айналасында жүру құзға құлау қаупін туындатады. Құранда "...зинаға жоламаңдар, ол әдепсіздік және өте жаман жол" - деу арқылы күнәлі істі жасамақ түгілі оның маңайына жоламауды бұйырады. Алла құлының ар ұятты болуын қалайды. Әрбір дене мүшенің басқарушысы арұят болуы керек. Ар ұяттан алыс тіл кісіні ғайбатқа, өсек-өтірікке; көз ұятсыз сахналар мен көріністерге; құлақ жаман сөздер тыңдауға; қол-аяқ күнәға алып барады. Сол үшінде мұсылман тек шынайы өмірде ғана емес интернет әлемінде де Алла разы болмайтын істерден бойын аулақ салғаны жөн.

5) ФОТОСУРЕТТЕРДІ БӨЛІСУДЕ АБАЙ БОЛЫҢЫЗ

Исламды өмірдің қай кезеңінде де ұмытпау керек. Адам баласының немқұрайлылық пен надандықтан жіберген қателері көп есікті ашады. Мысалы, мұсылман ғаламторда сәнді жерде ас ішіп отырған отбасылық дастарханның суретін жарияласа отбасының жеке өмірін әркімге көрсетуде және өзімшілдік пен мақтаншақтақ туралы өте жағымсыз көзқарас пайда болады,ал екінші жағынан оған қолы жетпейтіндердің көңіліне қаяу салуда. Ниеттер қандай болса да, бұдан туындайтын жағдай исламдық тәрбие мен әдептілік қағидасынана сай келмейді.

Ол пайдаланатын гаджеттердің, техникалық инфрақұрылымдары шетелдіктердің қолында екендігін ұмытпаған жөн.Монтаждар мен шантаждар интернеттегі зиянда суреттер мен, несие карталарымен және т.б ол арқылы қарақшылық әрекеттер жасалғаны да белгілі.Ең жақсы нәрсе интернет секілді қауіпті аймақтарда абай болу.

Істің мақтаншақтық жағы исламға сай келмейді. Ішіп жеген қымбат жерінің, мінген көлігінің, барған қымбат демалыс орнының және сол сияқты нәрселердің фотосуреттерімен бөлісу арқылы мақтану бұл Алла Тағала да Пайғамбарымыз да құптамайтын өте жағымсыз қылықтар.

Лұқман сүресінде: «...шүбәсіз Алла кеуде керіп, менменсіген мақтаншақтардың ешбірін ұнатпайды» деген.

Сондай ақ мұндай фото бөлісу адамдарды менмендікпен тәкәппарлықпен күнәға апарып қана қоймай, басқа адамдардың көреалмаушылығын оятады.

Сол үшін де интернет әлеміндегі әрбір ісімізге абай болып, Алла разы болмайтын дінімізге, адамгершілікке теріс істерден бойды аулақ салған жөн.

Қайыржан Пердебайұлы

Байзақ ауданы Үлгілі ауылдық

«Әбдімажит» мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: