Мейірімді болыңыз, мейірімге бөленесіз

Мейірімді болыңыз, мейірімге бөленесіз

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімділік — адамның өзге біреуге жылылығын, ізгі ниеті мен лебізін білдіру көрінісі. Мейірімділік адамдар арасындағы сыйластық, кең пейілділік, жанашырлық, ізгі ниет секілді қасиеттерге негізделеді. Мейірімділік адамның жоғары адамгершілік белгісі ретінде оның бүкіл тыныс-тіршілігін, жан дүниесін жадырататын, шат-шадыман тіршілігі үшін қажетті аса маңызды қасиеттің бірі болып саналады. “Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық секілді ақ жүректен шығады” (Шәкерім). Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде мейірімділік адамдар арасындағы адамгершілік, ізгілік пен ізеттілік,  имандылық  пен  инабаттылық секілді асыл қасиеттермен үндестік тапқан.

Мұсылман өз қарамағындағыға жауапты. Жанұя мүшелері ер адамының жауапкершілігінде, демек мұсылман ер өзінің әйеліне, балаларына, жанұясына жауапты. Оларға барынша мейірімін төгу, отбасын асырау,нәпақа тауып беру, жанұясын адамгершілікке, имандылыққа үйрету, салт-дәстүрін дәріптету ер адамның  жауапкершілігінде. Сондықтан әр мұсылман өзінің отбасы мүшелеріне, өсіп келе жатқан балаларына дұрыс дәстүрлі  ислами тәрбие, мейір-шапағат, білім беруге жағдай жасауы қажет.

Құран Кәрімнен ең көп үлгі алған Алла елшісі (с.а.у.) мінезі жайлы Хазіреті Айша: “Оның мінезі – Құран”, – деп жауап берген. Құранда: “Негізінен иман етіп ізгі іс жасағандар, намазды толық орындап, зекет бергендерге Раббыларыңның жанында сыйлық бар”, – делінген (Бақара 277аят). Бұл аяттағы ізгі істер, діни ұғым бойынша имандылық,мейрімділік болып табылады. Қазіргі зайырлы өркениетті қоғамда да имандылық, мейрімділік – аса қастерлі, биік адамшылық қасиет ретінде ұғынылады.

Мейірімділік адамның келесі істерінде көрініс табады: Адамдарға мейірімділік: Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Адамдарға мейірімді бола білмеген кісіге, Алла Тағала да мейірімділік танытпайды», – деген (имам Бұхари). Өзгелерге қамқор болу, жанашырлық таныту, мұқтаждарға жәрдемдесу, жетімдерге қарайласу сияқты ізгі істердің барлығының негізі осы мейірімділіктен бастау алады.

Отбасындағы мейірімділік: Отбасындағы мейірімділік ерлі-зайыпты адамдардың бір-біріне жылы сөздер айтуы, сыйлауы, сыйлық беруі, өзара жәрдемдесуі, жылы шырай танытып жымиюы, жақсы көңіл-күй сыйлауы, кемшіліктеріне сабыр ете білуі, кешірімділік танытуы, дөрекі сөз сөйлемеуі сияқты істерде көрініс табады.

Балаларға мейірімділік: Алла Елшісі (с.а.у.) сүннетінде балаларды жақсы көруге, олармен көңіл көтере, қуануға, жүгіруге, олармен күресуге кеңес бере, өзі де немерелерімен, әрі басқа балалармен де сондай қарым-қатынаста болған. 

Бірде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Хасан мен Хүсейінді арқасына отырғызып алып, көтеріп ойнатып жүргенін көрген Омар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұған қатты сүйсініп: «Әй, балақайлар, мініп алған сәйгүліктерің қандай тамаша!» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Олар да осал шабандоз емес», – деп жауап береді.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: