Ағымдағы жылы қазан айында Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Хатшылығының XXI отырысы өтеді деп күтілуде. Осы орайда аталған съездің халықаралық қоғамдағы, халықтар мен елдер, діндер арасындағы орны, рөлі айтуға тұрарлықтай.
Сонау 2003 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың бастамасы бойынша алғаш жүзеге асқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі арада өткен 20 жыл ішінде елордамызда 7 рет, Съезд Хатшылығының отырысы ресми түрде 20 рет өтіпті.
1) 2003 жылы 23-24 қыркүйекте өткен I Съезге әлімнің 13 елінен дін өкілдері мен құрметті қонақтар қатысты;
2) 2006 жылғы 12-13 қыркүйекте Астанадағы жаңа Бейбітшілік және келісім сарайында өткен II Съезге 20 елден 29 делегация қатысты;
3) 2009 жылы 1-2 шілдеде өткен III Съезге әлемнің 35 елінен 77 делегация қатысқаны тіркелді;
4) 2012 жылы 30-31 мамырда өткен IV Съезге 40 елден 85 делегация қатысқан болатын;
5) 2015 жылы 10-11 маусымда өткен V Съезд Астана қаласында әлемнің 42 елінен келген 80-нен астам делегацияның басын біріктірді;
6) 2018 жылы 10-11 қазанда өткен VI Съезд жұмысына әлімнің 43 елінен келген 82 делегация қатысты;
7) өткен жылы 14-15 қыркүйекте өткен VII Съезге 50 елден келген 100-ден астам делегация қатысушы атанды. Съезд жұмысына Әл-Азһар шейхі, Жоғары мәртебелі имам Ахмет Тайып, алғаш рет ресми сапармен келген Ватикан мен католик шіркеуінің басшысы Рим папасы Франциск қатысты.
Өздеріңіз байқағандай, әр жолы съезге қатысушы елдер мен делегациялардың саны өсіп отырған. Сондай-ақ съездерге әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшыларымен қатар, БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун, ЕҚЫҰ Бас Хатшысы Ламберто Заньер секілді әлемдік деңгейдегі беделді қайраткерлер қатысты. Алғаш Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу идеясына Әлемдік ислам лигасы, Әлемдік еврей конгресі, Ватикан, Орыс православие шіркеуі және басқа да көптеген діни-конфессиялық бірлестіктер мен топтар, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ сияқты халықаралық қауымдастықтар бірден құптай кетіп, қатысуға ықылас танытты, Съезд географиясы Америка, Еуропа, Азия, Таяу және Орта Шығыс, Африка елдерін қамтыды. Мұның барлығы әрбір заманда өзектілігі күн тәртібінен түспеген діндер, халықтар, мәдениеттер арасындағы диалог, татулық, сондай-ақ рухани-адамгершілік құндылықтарын ілгерілету тақырыбы талқыға түсер халықаралық платформаның әрдайым қажет екендігін әйгілеп тұрғаны анық.
Съездің артықшылығын айшықтап тұрған басты себептердің бірі мұнда артында сан мыңдаған, миллиондаған, тіпті миллиардтаған ерушілері бар дінбасылардың қоғамдағы келеңсіз жайттарға, тіпті халықтар, елдер арасындағы әскери қақтығыстар мен зорлық-зомбылықтарға қатысты пікірін, ұстанымын білдіруі, ымыраға шақыруы, артынан ортақ декларация қабылдап, түйілген бір жұдырықтай ынтымақтасуы ең кемінде сол артынан ерушілердің ұстанымына, көзқарасына оң әсер ететіні хақ. Бұдан тыс, елдердің басшыларына, беделді саяси қайраткерлерге, олардың шешімдеріне ықпал, әсер ете алатын Съезд қатысушылары өз алдына бір төбе.
Съезд қорытындысы бойынша қабылданған декларация әлемнің түкпір-түкпіріне тарайды, түрлі алаңдарда, оның ішінде БҰҰ секілді халықаралық беделді ұйымдардың сессияларына шығарылады.Қорыта келе, дінаралық диалог өткізудің бірегей қазақстандық үлгісі болып танылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне қайшылыққа толы қоғам өмірінде дін-конфессияаралық, мәдениет-өркениетаралық маңызы мен рөлі күн өткен сайын арта түсіп, болашағынан көп үміт күттіріп отырған еліміздің халықаралық ауқымды жобасы деп баға беруге болады.
Нариман АМАНЖОЛОВ,
ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешіт баспасөз хатшысы