Мешіт – намазды жамағатпен оқитын, Аллаға құлшылық етіп, Оны еске алатын жер. Мұсылман баласы мешіт есігінен кірген сәттен бастап, мешіт әдептерін сақтау қажет. Біз осы ретте мешіт әдептері жайлы айта кеткенді жөн көрдік.
Құран Кәрімде мешіттердің артықшылығы мен маңыздылығы жайлы көптеген аяттар бар. Соның бірінде Алла Тағала былай дейді: «Расында, Алланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман келтіретін, намазды тұрақты оқитын, зекет беретін, Алладан қорқатындар ғана көркейтеді. Міне, солар тура жол табушылар болуы мүмкін» («Тәубе» сүресі, 18-аят); «Расында, (барлық) мешіттер – Алланікі. Енді (мешіттерде) Алладан басқадан дұға тілемеңдер!» («Жын» сүресі, 18-аят); «(Ол шырақ) Алла олардың көтерілуіне (құрылуына) және олардың ішінде Өзінің атының зікір етілуіне рұқсат берген (яғни, бұйырған) үйлерде (мешіттерде) болады. Ол жерде (мешіттер) Оны ертелі-кеш дәріптейтін кісілер бар, оларды сауда да, алып-сату (істері) да Алланың зікірінен, намазды тұрақты оқудан және зекет беруден тоса алмайды. Олар жүректер мен көздер қалтырайтын Күннен (қияметтен) қорқады» («Нұр» сүресі, 36-37-аяттар).
Ардақты елші (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мешіттер – тақуа кісілердің орны», – деген. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты: «Кім үйінде дәрет алып, Алла үйлерінің (мешіттердің) біріне Алланың парыздарының бірін орындау үшін жаяу жүріп барса, оның екі қадамының бірі арқылы қателігі өшеді, екіншісі арқылы дәрежесі көтеріледі».
Мұсылмандар мешіттерді құрмет етуі, мешітте жағымсыз амалдар жасамауы, оның тазалығы мен көркеюі үшін уайымдауы керек. Мешіт әдептерінің негізгілері төмендегілер:
Мешітке аттанып бара жатқан адам жақсылап тазаланып баруы керек. Самурадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Киімнің ағын киіңдер, өйткені ақ киім таза әрі жақсы болады», – деген. Мешітке барушылар әсіресе тісін тазалап, жағымсыз иістен арылып баруы керек. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер үмметіме қиындық тудыратынын ойламағанымда оларға әр намаз алдында міндетті түрде мисуак қолдануды бұйырар едім», – деген.
Мешітке бара жатқанда әдеп пен кішіпейілділік сақтап қадам басу, сәлем берген адамдардың сәлеміне жауап қайтару, жолда мұсылмандарға зиянын тигізетін тас, бұтақ, тікен, тағы басқа нәрселерді шетке алып тастау да – маңызды міндет.
Мешітке ертерек, асықпай, байсалдылықпен жүріп бару да – мешітке бару әдептерінің бірі. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) былай деп риуаят еткен: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намазға қамат айтылып жатқан болса, жүгіріп ентігіп келмеңдер. Керісінше байсалдылықпен ақырын жүріп келіңдер. Жеткен жерден (жамағатқа қосылып) оқи беріңдер, жете алмасаңдар толықтырып оқыңдар», – деді.
Мешітке оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шығу, мешітке кіріп-шығар кезде сүннетке сай дұғалар оқу – мешіт әдептерінің бірі. Мешітке кіріп келе жатқанда оқылатын дұға мынадай: «Бисмилләһи. Аллаһуммә, солли аләә сәййдинәә Мухаммәдию-уә аләә әәлһи уә сохбиһи уә сәллим. Аллаһуммә, ифтәх лий әбуәәбә рохмәтикә». Мағынасы: «Алланың атымен (кіремін). Уа, Аллам! Ардақты Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның отбасы мүшелеріне әрі сахабаларына салауат пен сәлемдер болсын. Уа, Аллам! Маған мейірім есігіңді аша гөр».
Мешіттен шығып бара жатқанда оқылатын дұға: «Бисмилләһ. Аллаһуммә, солли аләә сәййдинәә Мухаммадию-уә аләә әәлиһи уә сохбиһи уә сәллим. Аллаһуммә, инний әс-әлукә мин фадликә». Мағынасы: «Алланың атымен (шығамын). Уа, Аллам! Ардақты Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның отбасы мүшелеріне әрі сахабаларына салауат пен сәлемдер болсын. Уа, Аллам! Мен Өзіңнен кеңшілік сұраймын».
Мешітке кірген кездегі уақыт намаз оқу мәкруһ болмаған уақыт болса, отырмас бұрын екі ракағат «мешіт ақысы» намазы оқылады. Мешітте имам адамдарға уағыз-насихат айтып немесе тәлім-тәрбие беріп жатса, жамағат дауысын бәсеңдетуі тиіс. Құтпа оқылып жатқанда үндемей отырған абзал. Өйткені құтпаға құлақ қойып, мән беріп отыру – уәжіп.
Намаз оқып жатқан адамның алдын кесіп өтпеу, әсіресе жұма күндері адамдардың иығының үстінен аттап, алдыңғы сапқа жарып өтпеу керек. Өйткені мұндай істер харамға жақын мәкруһ нәрселер болып есептеледі. Мешітке жағымсыз иіспен кірмеу керек. Мысалы, адам мешітке пияз, сарымсақ жеп немесе насыбай атып, темекі шегіп кірсе, аузынан шыққан жағымсыз иісімен намаз оқушыларды жиіркендіреді. Бұл да харамға жақын мәкруһ нәрсе болып саналады.
Мешітке кірген намазхан мешіт ішінде өте әдепті, кішіпейіл болып отыруы керек. Мешітте адамды жоғары дәрежеге көтеретін амалдарды атқаруға ғана рұқсат етіледі. Мешітте Алланы зікір ету, яғни тәсбих, тәһлил, тәкбир және қирағат, хадис, тәпсір және де фиқһ ілімдерінен сабақ алынады. Мешітте отырған адамдар басқаларды да жақсы амалдарға қызықтырып, жаман істерден қайтаруы керек.
Мешітте дүние ісімен айналысу, сауда-саттық жасау, дүниеге қатысты сөз сөйлеу, ойын-күлкі, талас-тартыс, қатты пікірталас, шу шығару және бір-бірінің көңіліне тию харам амалдар болып саналады. Мешітте өнер көрсету, сату мақсатында түрлі жазба жазу, ақылы түрде жеке сабақ беру – мәкруһ. Бірақ ақы алмай, Алла разылығы үшін ғана оқытса, мәкруһ болмайды. Сол секілді мешіт ауласына пайда үшін тал, егін егуге, мешіт ішінде тамақ жеуге болмайды. Иғтикафта отырған мұсылмандар мен бөтен (жолаушы) адамдарға ғана мешітте тамақ жеуге рұқсат берілген.
Саиб ибн Язид (Алла оған разы болсын) былай деп риуаят етеді: «Мешітте тұрған едім. Бір кісі майда таспен атқылап, мені шақырды. Қарасам, Омар (Алла оған разы болсын) екен. «Анау екі кісіні алып кел!» – деді. Екеуін алып келдім. Омар олардан: «Кімсіздер, қай жерденсіздер?» – деп сұрады. Олар: «Тайфтықпыз», – деді. «Егер мәдиналықтар болғандарыңда, сазайларыңды тартқызар едім. Неге Пайғамбар мешітінде дауыс көтеріп сөйлейсіңдер?» – деді Омар».
Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз: «Жұма күні имам мінберде құтпа айтып тұрғанда, оған құлақ қоймай, керісінше сөйлесіп отырған адам үстіне ауыр кітап артылған есек секілді. Ондай адамға «тыныш отыр» деп ескерткен кісінің де жұма намазы қабыл болмайды», – деген.
Мешітте, әсіресе жұма намазы кезінде сапта тұрған кісілердің арасын жарып өтуге, бір адамды тұрғызып жіберіп, орнына отыруға болмайды. Өйткені, Нәфиғтың (Алла оған разы болсын) риуаят етуінше, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұма намазы кезінде де, басқа намаз кезінде де мұндай әдеттерге барған адамдарды қаралаған. Жұма күні имам құтпа оқып жатқанда өзің сөйлемек түгілі, өзара сөйлесіп отырған адамдарды тыныштандыру да орынсыз іс саналған.
Алла Тағала баршамызға мешіт әдебін сақтап, мол сауапқа кенелуді нәсіп еткей. Әмин!
Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,
Қарағанды облысының бас имамы