ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысы Темір ауданында өткен «Досжан ишан – Қазақстанның көрнекті діни қайраткері және рухани ағартушысы» конференциясында баяндама жасады.
Бас мүфти Ақтөбе облысынан шыққан дін қайраткерлері, ишандар мектебі туралы айта келіп, Досжан ишан Қашақұлының өнегелі өмір жолы мен дін Исламға сіңірген еңбегіне тоқталды. Сонымен қатар Досжан хазіреттің қазақ қажыларына жасаған қамқорлығы жайлы да атап өтті.
«Досжан хазірет діни қызметпен айналысып қана қоймай, өз дәуіріндегі қоғамдық, елдік мәселелерге де етене араласты. Хазіреттің тағы бір еңбегі ретінде оның қазақтың жеке мүфтилігін ашуды көтергенін айтуға болады. Әбубәкір Кердері бұл жайлы:
– Баршасы үшбулардың пірім деді,
Хазірет ақылы дана, білімді еді.
Патшадан қазақ үшін мүфти сұрап,
Өзінен халық қамын бұрын жеді, – деп жырға қосқан болатын.
Досжан хазірет 1888 жылдан бастап қазақ даласында өз алдына діни басқарма болу керек екенін айтып, Патша үкіметіне, Орынбор губернаторына бірнеше рет хат жазады. Әр ауылдың мешіт басқаратын өз молдасы болып, барлық молдалардың бір мүфтиге бағынуы керек екенін айтады. Мүфтилік қазақ даласындағы діни мәселелерді реттеп отыруы керек екенін ұсынды. Хазіреттің мұндағы мақсаты қазақ жерін Ресейдің отарлау, шоқындыру саясатынан сақтау болатын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы Досжан хазіреттің тақуалық жолын ұстанып, мыңға жуық шәкірт тәрбиелегенін, мешіт-медресе салдырғанын, дін Исламды аймаққа жаюға үлкен үлес қосқанын да айтып өтті.