Әнас ибн Мәлик (р.а.) келтірген: Бір жұма күні Пайғамбарымыз (ﷺ) мінбеде хұтба оқып жатқанында, мінберге қарама-қарсы есіктен біреу кіріп, Пайғамбарымызға (ﷺ) қарай бұрылды. Сөйтті де тізе бүгіп отырмастан Пайғамбарымызбен (ﷺ) сөйлесе бастады: «Уа, Алланың Пайғамбары, жағдайымыз қиын, құрғақшылықтан малдарымыз қырылатын болды, шарамыз қалмады... Дұға етші, бізге жаңбыр жаудырсын». Осы сәт Алла Елшісі (ﷺ): «Алла Тағалам, бізге жаңбыр жібер, Алла Тағалам, бізге жаңбыр жібер, Алла Тағалам, бізге жаңбыр жібер» деп дұға етті. Аллаға ант етейін, дәл сол сәтте аспанда шөкімдей де бұлт жоқ еді. Тіпті Сел тауы мен арамызда бұлтты көруге кедергі келтіретін үй секілді ешқандай үй де жоқ еді. Бірден Сел тауының ар жағынан щеңберленген бір бұлт көрінді.
Бұл бұлт аспанның дәл ортасына келгенге дейін көтерілді, содан кейін жан-жаққа жайылды. Артынша жауын жауа бастады. Тіпті бір апта бойы күннің жүзін көрмедік. Келесі жұма күні Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) хұтба оқып тұрғанында, әлгі есіктен біреу кіріп, түрегеп тұрған қалпы: «Уа, Алла Елшісі, малдарымыз жаңбырдың қатты жауғанынан қырылатын болды, жолымыз бөгелді. Дұға етші, жаңбыр тоқтасын», – деп өтініш айтты. Пайғамбарымыз (ﷺ) осы кезде қолын жайып былай деп дұға етті: «Алла Тағалам, бізге емес, маңайымызға жаудыр. Маңайымыздағы тауларға, төбелер мен сайларға, өсімдіктер мен ағаштар өсетін жерлерге жаудыра гөр». Осы дұғадан кейін жаңбыр тоқтады.
Біз мешіттен шығып күннің астында жүрдік. Шәрик Әнас ибн Мәликтен (р.а.) жаңбыр жаууын сұраған кісі мен жаңбырдың тоқтауын сұраған кісінің бір адам не еместігін сұрағанда, Әнас оған «Білмеймін» деп жауап берген» (әл-Айни, Ұмдатул-қари, Китабул-истисқа, Бабул-Истисқа фи Масжид әл-Жами, № 1013 хадис; Ибн Хиббан, Сахих, Китабур-рақаиқ, Бап , № 992 хадис).