АНТ ЕТУ – ЖАУАПТЫ ІС

АНТ ЕТУ – ЖАУАПТЫ ІС

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Адам баласы өзінің айтқан сөзінің сенімділігін қуаттау үшін не бір нәрсеге жауапкер болудан басын алып қашу үшін, кейде ант етіп, серт беріп жатады. Мәселен, елді басқаратын басшы, әскери борышын өтегелі тұрған сарбаз, халықтың қалаулылары – депутаттар және т.б. өз жауапты қызметтерін ант етіп қабылдайды емес пе?!

Берілген антты бұзу Жаратушы алдында күнә, ал ел алдында ұятты іс. Алла Тағала Құран кәрімде: «...Серттеріңді бұзбаңдар...» («Мәида» сүресі, 89-аят), - десе, дана халқымыз: «Қайталаған дерт жаман, қайта бұзған серт жаман», - деп ескертеді.

Сахаба Абдулла ибн Амр ибн әл-Астың (Алла өзіне де, әкесіне де разы болғай) жеткізуі бойынша, Мұхаммед Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Үлкен күнәлар: Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы келу және өтірік ант ету», - деп айтқан екен (әл-Бұхари).

Ал енді Ислам шариғатындағы анттың талаптары, түрлері мен тыйымдары қандай? Ант еткенде қандай сөздерді қолданған жөн, қандай сөздерді қолданбау керек? Соған тоқталайық.

Шариғат талабы бойынша, мұсылман адам тек Алланың атымен ғана ант ете алады. Серт беруші кісі «уаллаһи», «билләһи» және «таллаһи» деген сөздердің бірін немесе қазақшалап «Алланың атымен ант етемін» деген сөзді қолдана алады.

Алла Тағала Құранда күнге, айға, жұлдызға, күндізге, түнге, аспанға, жерге, ғасырға, Құранға және т.б. заттарға ант еткені мәлім. Алайда, бұлайша заттарға ант ету тек Алланың ғана құзыретінде. Ал иісі мұсылман пенде тек Алланың атымен ғана ант ете алады.

Бұл жайында сахаба Абдулла ибн Омар (Алла өзіне де, әкесіне де разы болғай) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген: «Расында Алла Тағала сендерге ата-бабаларыңды атап ант етулеріңе тыйым салады. Кім де кім ант ететін болса, Алланың атымен ант етсін немесе үндемесін» (әл-Бұхари және Мүслим).

Демек, шариғатта «әкемнің әруағымен ант етемін», «нан ұрсын» немесе т.б. сөздер арқылы ант етуге болмайды.

Ант үшке бөлінеді:

  1. Жалған ант ету;
  2. Бостан босқа ант ету;
  3. Байламды ант ету;

Жалған ант – адамның белгілі бір мақсатта өтірік ант етуі. Мәселен, біреудің бір затын алған кісінің «алмадым» деп ант-су ішуі сияқты. Жалған ант иесін күнәға кіріптар етумен қатар, Алланың мейірімінен алшақтатады.

Сахаба Абдулла ибн Масғұт (оған Алланың разылығы болғай) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай) былай деп айтқанын жеткізді: «Кім де кім ақысы болмаса да, бір мұсылманның мал-мүлкін өз меншігіне алу үшін ант ететін болса, ақыретте Аллаға ашулы күйінде жолығады». Абдулла ибн Масғұт (оған Алланың разылығы болғай): «Сосын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай) мұны растаушы ретінде Алла Тағаланың кітабы Құран кәрімнен: «Расында Аллаға берген уәделері мен анттарын арзан бағаға сатқандарға ақыретте ешқандай нәсіп жоқ. Қиямет күні Алла олармен сөйлеспейді әрі оларға назар салып қарамайды, оларды ақтамайды және де оларға күйзелтуші азап бар», - деген («Әли Имран», 77) аятты оқыды» (Әл-Бұхари және Мүслим).

         Бостан босқа ант ету – себебсізден себепсіз, ант етуге ниеті болмай, не айтса да, ант сөзін араластырып сөйлеуді әдетке айналдыру. Бұл кейбір мұсылман таяу шығыс халықтарында кең тараған әдет. Айтқан сөзі өтірік болған жағдайда, иесіне жауапкершілік жүктелмесе де, бұл анттың ешқандай өтемі болмаса да, тәубе етіп, Алладан кешірім сұрағаны дұрыс. Сондықтан да, бұлайша ант ете беруден сақтанғанымыз жөн.

   Байламды ант дегеніміз келешекте орын алатын бір іске байланысты ант ету. Айталық, «Алланың атымен ант етемін, мен қарызымды қайтарамын», «Алланың атымен ант етемін, бұдан бұлай бұл күнәні жасамаймын», немесе т.б. деп айтқаны сияқты. Бұлайша ант берген кісі сөзінде тұруы тиіс. Сөзінде тұра алмаған жағдайда, анты бұзылады әрі каффарат өтейді.

         Бұзылған анттың 3 түрлі каффараты бар:

  1. Он міскінді екі мәрте тамақтандыру немесе оларға намаз оқуға жарамды киім алып беру;
  2. Құл азат ету; (Құлдар бар болған заманға тән үкім)
  3. Үш күн ораза ұстау (Ханафи мазһабында арасын үзбей, қатарынан үш күн ораза ұстау міндетті).

Ант етіп, антын бұзған кісі аталмыш каффарат амалдарының кезегі бойынша, осылардың ішінен шамасы келген бір амалды таңдап орындауы уәжіп болады. Яғни, әуелі он міскінді тамақтандыруы немесе киіндіруі тиіс. Оған шамасы келмесе, құл азат етуі керек. Алайда қазір құлдық дәуір тоқтағандықтан, оны орындай алмайды. Демек, қатарынан 3 күн бойы ораза ұстауы тиіс болады.

         Мұсылман адам жақсы, сауапты бір амалды орындауға немесе бір күнәлі істі тәрк етуге байланысты ант ете алады. Бірақ, керісінше, сауапты істі орындамауға немесе күнәлі істі жасауға ант ететін болса, міндетті түрде антын бұзуы керек.

         Сахаба Абдулла ибн Самура (оған Алланың разылығы болғай) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай) былай деп айтқанын жеткізді: «Егер бір іске байланысты ант етсең, сосын одан да хайырлы бір істі көрсең, хайырлы болған істі орында, антыңды бұзып, каффаратын өте» (Әл-Бұхари мен Мүслим).

Мәселен ки, бір мұсылман өзінің туған бауырына ренжіп, «Уаллаһи, онымен енді араласпаймын», - деп ант етсе, сосын шариғат бойынша ағайын-туыспен араласудың міндетті іс екенін ұққаннан кейін, ол өзінің антын бұзып, әлгі туысымен араласуға әрі бұзған антының каффаратын өтеуге міндетті болады.

Ата-бабамыз «Екі сөзді – ер емес, серт – ер серігі», - деп, адам баласының сертіне берік болуы қаншалықты маңызды екенін аңғартқан еді. Тіпті «Серт бұзылса, қылыш қанға боялады», - деу арқылы, берілген сертті бұзу соғысқа дейін алып баратынын ескерткен екен бабалар өсиеті.

 

Қанат ЖҰМАҒҰЛ,

Жамбыл облысы, Байзақ аудандық

«Байзақ баба» мешітінің бас имамы,

дінтанушы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: