Бүгін Қостанай облысы Меңдіқара ауданының орталығында «Қарамақы ата» мешіті ашылды. Құлшылық үйінің ашылуына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Гәуес Тұрсанұлы, облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев, аудан әкімі мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Салтанатты шараға жиылған жұрт алдымен Құран тыңдап, кейін Бас мүфтидің ізгі тілегіне куә болды.
«Бүгін Алланың қалауымен Марал ишандай бабамыз дүниеге келген өңірге келіп тұрмыз. Сол бабаларымыздың ұрпағына жасаған дұғасы қабыл болды дей аламыз. Ең әуелі көрікті мешіттің ашылуы – жергілікті жамағат үшін қуанышты жағдай. Мешіт салудың сауабы қаншалықты үлкен екені жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткен, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады», – дейді («Тәубә сүресі», 18-аят).
Ең бастысы сауапты іс жасаймын деген азамат қайырлы істі атақ пен абырой алу үшін емес, Жаратушының разылығын алуды мақсат етуі тиіс. Мешіт салған азаматқа Алла разы болсын, іші жамағатқа толсын» деді ҚМДБ Төрағасы.
250 адамға арналған мешіт жанынан 250 адамдық асхана, имамның үйі, 14 адамдық жатын орны, сауат ашу курсы қамтылған.
Құлшылық үйінің атын иеленген Қарамақы би 1850-1926 жылдары өмір сүрген елге сыйлы, ел мен жер, жетім мен жесір дауы дегендей ел ішіндегі күрделі мәселелерді екі-ақ ауыз сөзбен шешімін тауып, даулы мәселенің нүктесін қоя білген елдің қадірлі азаматы болған.