Өзбекстан билігі мен дін өкілдері үйлену тойларында жас жұбайлардың вальс билеуі дәстүрге қайшы деп жариялады.
Ташкенттегі үйлену тойларын ұйымдастырушы компания басшылығы өз мекемелеріне Мәдениет және насихат Өзбекстан орталығы өкілдерінің тексеріс жүргізгенін айтты. Өкілдер той ұйымдастырушы компанияларға өзбек тойларында вальс билерін өткізбеуін, сонда -ақ салтанатты той кезінде жұбайлардың «махаббат тарихы» (love story) секілді слайд-шоуларын көрсетпеу керектігін ескертті.
Ал Ташкент әкімдігі жанындағы Әйел істері комитеті қазіргі уақытта қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, «Өзбек тойларын реттеу мақсатындағы шаралар» ережесін шығарған көрінеді. Құзырлы мекеме бұл бастаманы «Өзбек тойларына батыс елдері мәдениетінің сіңіп кетпеуін» қадағалау үшін қолға алған.
Сондай-ақ Ташкент мешіттеріндегі жұма намазы уағызында дін өкілдері жастардың тойда құшақтасып, вальс билеуі өзбек халқының ұлттық танымына, салт-дәстүріне қайшы келеді деп мәлімдеді.