Бүгін Көкшетау қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының қатысуымен «Науан хазрет» атындағы жаңа мешіттің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Muftyat.kz. Айтулы шараға ҚР Сенат депутаты Жабай Ерғалин, Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Ақмола облысы әкімі Сергей Кулагин, белгілі айтыскер ақын Арман Бердалин және аймақ ақсақалдары қатысты.
Көкше төрінен зәулім мешіттің ашылуы аймақ халқын мерекелік әсерге бөлеп, рухани жан дүниесіне риясыз қуаныш сыйлады. Осыған дейін қысы-жазы орталықтағы бір ғасырлық тарихы бар ескі ғибадатхананың ашық алаңында намаз оқып келген жамағат қасиетті Құрбан айт мерекесін жаңа мешітте тойлайтын болды.
Бас мүфти өзінің құттықтау сөзінде жаңа мешіт ашу қасиетті дініміздің мерейін биіктететін ғибратты іс екенін атап көрсетті. Көптен Көкше жерінде еңселі бір мешіт салынбай келгені рас. Аллаға шүкір, ол күнге де жеттік. Жаңа мешіт Алланың ғибадатын жүргізетін орынға айналатын болады.
Бас мүфти осы күні аталған оқиғаға арналып ұйымдастырылатын мәдени шараларға да қатыспақшы. Көкшетау қаласының іргесіндегі атшабарда аламан бәйге өтіп, түйе балуандық үшін сайыстар болады. Ал, кешке Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театрында Науан хазрет жайлы қойылымды тамашаламақ.