ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстанда өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы отырысында әлем елдерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қауіп тудырып отырған терроризм мәселесені ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы өз сөзінде ұйымның күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі халықаралық терроризм мен экстремистік ұйымдардың төндіретін ықтимал қатерлері екенін атап өтті.
«Мойындауымыз керек, өкінішке қарай, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жекелеген азаматтары осындай радикалды құрылымдарға қосылып, заңға қайшы іс-әрекеттерге қатысу үшін Таяу Шығыстағы және Ауғанстандағы соғыс ошақтарына барып жатады. Бұл жайт біздің тарапымыздан қарсы іс-қимыл жасаудың тиімді шараларын қабылдауды талап етеді» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Тәжікстан халықаралық лаңкестікке қарсы күрестің алдыңғы шебінде екенін назарға ала отырып, барлық елдер әлемдік экономикадағы қиындықтарға қарамастан алдағы уақытта да осы одақтасымызға экономикалық көмек көрсетуге тиіс екенін атап айтты.
«Қазақстан биыл бауырлас елге 2,7 миллион доллардың азық-түлігі мен құрылыс материалдарын жіберді» деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев сессияға қатысушылар назарын Ауғанстандағы жағдайға аударды.
Ауғанстанның солтүстігіндегі содырлар белсенділігі айрықша алаңдатады. Ауған аумағынан төнетін қауіп-қатерлерге қарсы тиісті әрекет ету үшін ҰҚШҰ аясындағы бірлескен күш-жігерді екіжақты негізде де, өзге халықаралық ұйымдармен арадағы жұмыстар барысында да арттыра түсу қажет. Қазақстан Кабулға жыл сайын азық-түлік, отын, дәрі-дәрмек жеткізу, сондай-ақ ауған жастарын еліміздің жоғары оқу орындарында оқыту арқылы техникалық және гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруда, – деді Қазақстан Президенті.