Тыныштық пен берекенің, бірлік пен ізгіліктің қаласы, Алланың соңғы елшісі Мұхаммедке (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қорған болған, Исламның кең тарауына негіз болған қасиетті шаһар Мәдинада Қазақстан Қажылық Миссиясының төрағасы Ғылымбек Мәжиевтің қатысуымен мәдени, рухани, тарихи шаралар өтті.
ҚМДБ өкілдері игі іс-шараны қаладағы қасиетті Құба мешітін зиярат етуден бастады. Мешітте сәлем намазы оқылып, бата жасалды. Алла Елшісі(Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім жолға шығып, осы мешітке (яғни, Құбаға) келіп, намаз оқыса, онда оған ұмраға (кіші қажылық) тең сауап беріледі», – деген. Мешіт – бірліктің, білімнің, мейірімділіктің, барлық жақсылықтың ордасы.
Осыдан кейін миссия мүшелері Мәдина мұражайында болып, Ислам тарихымен, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өмірімен, сонау VII ғасырдан бүгінгі дәуірге дейін сақталып келе жатқан жәдігерлермен танысты. Мәдина қаласында оқитын жерлесіміз Әкбар Жақияұлы мұражайдағы жәдігерлерді, Ислам тарихын тәптіштеп түсіндіріп берді.
Қасиетті Ұхуд тауына да табан тіредік. Әкбар бауырымыз пайғамбарымыз(Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ұхуд бізді жақсы көреді, біз оны жақсы көреміз», – деген хадисінің мәні мен маңызын әңгімелеп берді. Ұстаз, теолог-ғалым Ерсін Әміре Ұхуд соғысында қаза болған сахабаларға дұға жасап, Алладан жарылқау тіледі.
ҚМДБ Қажылық Миссия мүшелеріне арналған мәдени шара қаладағы құрма бақшаларының бірінде жалғасын тапты.
«Құрметті миссия мүшелері! Бүгінгі шара сіздер үшін арнайы ұйымдастырылды. Ислам тарихымен терең танысып, пайғамбар өмірінен ғибрат алу, оны еліміздегі мұсылман бауырларымызға, жалпы халқымызға жеткізу – баршамыздың асыл міндетіміз. Алла Тағала елімізге берекетін жаудырып, бірлік-ынтымағымызды арттыра берсін», – деді Ғ.Жәдігерұлы.
Айта кетейік, Қажылық Миссиясның құрамында дәрігер-хирург Ерлан Әбдірашев бастаған 5 медицина саласының майталман мамандары, ҚМДБ бөлім меңгерушілері, ақпарат саласынан – «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматы қаласы бойынша бюро жетекшісі Дәурен Дариябек, «Қазақ радиосының» журналисі Мұхтар Тұртайұлы, «Асыл арна» телеарнасының тілшісі Алтынбек Рахымбердіұлы, www.nur.kz порталының редакторы Жанар Жансейіт, т.б. мамандар бар.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ баспасөз хатшысы,
Мәдина қаласы
(суреттерді түсірген – автор)