Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал өнімдерін стандарттау» бөлімі халал өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың басшыларына өткен жұма Діни басқарманың сертификатын табыстаған болатын.
Солардың бірі MPS ЖШС kомпаниясы. 2008 жылы Алматы облысында алғаш рет мал сою цехы ретінде іске қосылған болатын. Қазіргі таңда ол мал шаруашылығына қатысты түрлі салаларда инновациялық технологияны пайдалана отырып қызмет көрсететін халықаралық компанияға айналып отыр. Оның мал соятын цехы бір мезетте 400 ірі қара малды қабылдай аларлықтай және етті вакуумдық орамаларға автоматты түрде орайтын жолағы бар. Мұнда күніне (12 сағат ішінде) 500 бас ірі қара және 2000 бас қой сойылып, ет өнімдерінің 100-ден астам түрі өңделеді. Өз өнімдерімен еліміздің ең ірі сауда орындарын қамтамасыз етуімен қатар шет елге де экспорттайтын компания бүгінде «Халал» стандартына көшіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сертификатын алып отыр.
Бүгінгі таңда еліміздің ірі компаниялары арасында «Халал» стандартына өтуге деген сұраныстың көптігі қуантады. Мұсылман халқымыз үшін алаңсыз тұтына алатын халал өнімдерінің көбеюінің пайдасы орасан зор.