Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Президент телерадиокешені» ғимаратында белсенді жастармен кездесуінде некені ойыншыққа айналдырған жастарды сынға алып, қазіргі кезде еліміздегі барлық мешіттерге АХАЖ бөлімінің анықтамасы болмаса ешбір жұпқа неке қимау жөнінде тапсырма берілгендігін жеткізді, деп жазады baq.kz тілшісі.
«Қазіргі кезде өзге ағымда жүрген бауырларымыз некені ойыншыққа айналдырып алған. Олардың арасында намазға келіп жүрген жас қыздарды «мен сенің түріңді көріп қойдым, шариғат бойынша сенің жүзіңді көргендіктен неке қиямыз» деп алдап, ата-аналарының рұқсатынсыз, тіпті машинасының ішінде достарын шақырып неке қидыратын үрдіс пайда болды. Ол жігіт бір неше ай өткен соң «талақ» деп, әйелін екінші досына береді екен. Осылайша кінәсіз қыз бірнеше ерге күйеуге шығуға мәжбүр болатын көрінеді. Осындай жағдайға ұшыраған әйелдер бізге шағым айтып келеді. Олар негізінде дінді өзінің нәпсісіне бұрмалап алғандар. Байқасаңыздар, өзіміздің дәстүрлі дінімізді ұстанып жүрген бір азамат олай істемейді. Олардың арасында ондай проблема жоқ»,-деп ашынған Бас мүфти некенің шарттары орындалмайынша неке қиылмайтындығын айтты.
«Исламда некенің шарттары белгіленген. Шарт бойынша екі жасқа ата-ананың рұқсаты керек. Сондықтан біз кейінгі кездері республикадағы бүкіл мешіттерге АХАЖ-ға барып тіркелмеген жұптарға неке қимау керектігі жайында тапсырма бердік»,-деді Бас мүфти.