«Ислам біліміне ден қойған жастардың арта бастауы еліміз үшін жақсылықтың нышаны»,-деді бүгін студентерді білім күнімен құттықтау сөзінде Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры доктор, профессор Шамшәдин Керім мырза. Себебі, биыл университетке түскен студенттердің қатары едәуір артқан. Бакалавриат бағдарламасы бойынша исламтану мамандығына мемлекеттік 150 білім грантынан өзге ақылы негізде 200-ден аса студент оқуға ден қойып отыр. Ал докторантуралық бөлімде болашақ ғалымдардан 2 адам грант иеленсе, магистратуралық бөлімге мемлекеттік 4 білім грант иелерінен өзге 52 магистр 2 жыл бойы ислам ғылымында тереңірек ізденбек. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш. Өйткені университет ең алғаш ашылған 2001 жылы исламтану саласына небәрі 56 студент қабылданған болатын.
Студенттердің барлығы оқу орын жанындағы заманауи жабдықталған жатақханамен қамтамасыз етілді. Енді тек білім алуға көңіл бөліңіздер деген проректор, профессор Ш.Керім мырза университет ректоры доктор Жуда Абдулғани Басюнидің арнайы құттықтау сәлемін жеткізді. Мысырда жаңадан келетін оқытушы-ғалымдардың іріктеу жұмыстары аяқталғанын хабарлаған ректор профессор Ж.А.Басюни мырзаның айтуынша биыл 18 мысырлық ғалым дәріс береді. Былтыр олардың қатары 14 болған. Ал университет деканы PhD докторы, профессор Ахмад Әл-Амир Мұхамед Жахин студенттер мен ұстаздар қауымын білім күнімен құттықтай келе: «Алла Тағала қасиетті Құранда иман келтіргендерді, оның ішінде білім иелерінің дәрежелерін өсіретінін айтқан. Білім жолы – Алла жолындағы күрес жолы. Сіздер надандық күресуші жауынгерсіздер. Сондықтан білім жолындағы әрбір сәтті тиімді пайдалана біліңіздер»,-деді. Мұсылман баласы пайдасыз нәрседен аулақ болып, әрбір сәтін Алла жолында зікір, білім, ғылыммен өткізу керектігін айтқан ғалымдар биылғы студенттерге өте үлкен үміт артылатынын аңғартты. Себебі ел ішінде имандылық дәнегін егіп, жақсылықтың жаршысы көбейген сайын, жамандықтың да тамырына балта шабылмақ. Сондықтан Нұр-Мүбарак университетіне түскен студенттер де бүгінгі Білім күні осы маңыздылықты тағы да ұғына түскендей.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі