АҚШ Флорида штаты халықаралық әуежайы жолаушылардың БАӘ-не бағытындағы ұшақтарды күтуіне байланысты мұсылман қауымына арналған құлшылық бөлмесін ашпақшы.
«Орландо ғаламдық қауымдастықтың бір бөлігіне айналып келеді. Сондықтан біз жолаушыларымызға жоғары деңгейде қызмет көрсетіп, оларға қолайлылық тудыруымыз керек» деп мәлімдеді әуежай директоры Фил Браун.
Ал бұған дейін сапарда жүрген мұсылман жолаушылары әуежай ғимаратының ашық алаңдарына немесе жақын маңдағы христиан шіркеулеріне келіп, бөлме алып оқуға мәжбүр болып келген еді. Енді бұл қиындықтармен қоштасатын күн де жақын. Әуежай әкімшілігі хабарлағандай, құлшылық бөлмелерінде арнайы жуынып дәрет алатын, аяқ киім мен жүктер қоятын да жағдайлар жасалмақ. Сондай-ақ құбыла бағыты да айқын көрсетілетін болады.