«Әл-Әзһар» жуырда ғана жезөкшелікті заңдастыру туралы ұсыныс білдірген Amnesty International ұйымының бастамасын шайтанның ісі деп бағалады.
Сәрсенбі күні мәлімдеме жасаған «Әл-Әзһар» университетінің өкілі: «Бұл бастама – адами, рухани, моральдық құндылықтарды жою, адам табиғатының түп-тамырына балта шабу. Жезөкшелікке легализация жасау адам болмысын бұзады. Онда Алланың аманат етіп берген тәні мен жаны, адамның ар-намыс құқығы аяққа тапталып, тән саудасы етек алады» деді.
«Әл-Әзһар» мәлімдемесінде Ислам діні жыныстық қарым-қатынасты тек қана заңды неке негізінде ғана рұқсат ететіні, уақытша байланыс жасауға жол жоқ екені айтылды. Ислам некеден тыс барлық жыныстық қатынас адамзатты арсыздықтан, бұзақылықтан сақтау мақсатында тыяды.
Еске сала кетсек, Amnesty International Дублинде өткен конференция барысында жезөкшелікпен айналысушы адамдардың құқығын қорғап, олардың бұл «қызметін» заңдастыру туралы ұсыныс айтып, дауысқа салған болатын. Аталмыш ұйым осы кәсіп түрімен айналысушылар көп жағдайда қысымшылық пен зорлыққа жиі ұшырайтынын алға тартып, құқықтары тапталуда дегенді айтады. Мұның арты адам саудасына айналуда дейді ұйым мүшелері.
Amnesty International ұйымының бұл ұсынысы әлемдік қауымдастықтар арасында қызу талқыға түсті. Көпшілігі ұйымның ұсынысы жезөкшеліктің кең жайылуына жол ашатынын айтып, айыптауда.