Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты, Нағи Ілиясов ауылында тағы бір мұнаралы мешіт бой көтерді. Бұл туралы «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сыр топырағында құлшылық ордалары жыл санап, ай асып көбеюде, игі іске атсалысуды азаматтар қатары да аз емес. Бұл ұлт руханиятының уақыт өте жаңғырып, жаңа бір сатыға көтеріліп келе жатқандығының бір айғағы деуге болады.
Жаңа мешітке «Айтбай» аты беріліп, салтанатты ашылу рәсіміне ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің найб имамы Улжаев Бақыт қатысып, көпшілікке Алланың жердегі үйін тұрғызу турасында тұщымды насихатын айтты.
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Алла үйін тұрғызған адам үшін жәннатта сарай салынатынын өсиет етіп, сүйіншілеген. Ендеше, жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын» деген тілегін жеткізді.
Халықты имандылыққа ұйытатын, елдің береке-бірлігін баянды ететін аталмыш мешітті салуға ат салысқан азаматтарға алғыс айтылып, қасиетті Құран аяттары оқылып, баба рухына дұға жасалды.