Кеше Тәжікстан үкіметінің кеңейтілген отырысында ел президенті Эмомали Рахмон бас мүфтиге қарата дін қызметкерлерінің бай-дәулетті адамдарды жағалауын тоқтатып, кедей-кепшіктерге қолдау білдіріп, қоғамның назарын тұрмыс-тіршілігі төмен отбасыларға бұруға жұмыс істеуі керектігін айтты. «Жоғары шенді тұлғалармен іс-шара, тойханаларға баруды азайту керек. Шындығында, қамкөңіл кедей жандар рухани қолдауды қатты қажет етеді» деді Президент.
«Мына қоғамның азаматтарының назарына ақиқатында қандай жандарға қол созып, көмектесу керектігін ұғындыру керек. Қайырымдылық пен мейірімділікті молдалар мен имамдарға емес, кедей-кепшіктерге көрсету керек» деген Э.Рахмон Ғалымдар кеңесінің төрағасы Саидмукаррам Абдукодирзодеге ескерту жасады.
Еске сала кетсек, шілде айының соңында Тәжікстанның шығысында өткен селдің салдарынан жүздеген отбасы баспанасыз қалған болатын. Адам шығына да тіркелді. Осыған байланысты Тәжікстан әлемдік қауымдастықтарға зардап шеккен халыққа көмектесу туралы хабарлама жасады.
«Мен барлық дін қызметкерлеріне жоғары шенді азаматтармен, кәсіпкерлермен, бір сөзбен айтқанда бай-дәулетті адамдармен тойларға, іс-шараларға бармау керектігін ескертемін. Мен осы жерлерге сіздердің күн сайын баратындарыңызды білемін. Енді тек мұқтаж жандардың шаңырағынан табылып, кедейлермен бірге болыңыздар» деп сөзін түйіндеді Э.Рахмон.