SMS арқылы жіберілген «талақ» сөзінінің үкімін айтылуына қарай үш түрге бөліп қарастыруға болады:
1.Үшінші жақты білдіретін сөздерді қолдана отырып, «талақ» сөзін жазып жіберген болса, бұл кезде жолдаушының (ері) ниеті қарастырылады. Әйелінен ажырасу ниетімен жазған жағдайда «кіші байын талақ» үкімін алады. Ал, ажырасу ниетінде жазбаған болса, талақ болып саналмайды. Мысалы, «Пәленше есімді әйел талақ етілді» деген сияқты.
Кіші байын талақта ерлі-зайыптылардың некелері бұзылады. Бұдан кейін, әйелімен татуласқысы келген ері, әйелдің ризалығымен, мәһр белгілеп, некелерін жаңартулары шарт.
2.Бірінші және екінші жақты білдіретін сөздерді қолдана отырып «талақ» сөзін жазған жағдайда, ниеті қарастырылмайды. Мысалы: «Пәленше, сені мен талақ еттім» немесе «сен талақ болдың» т.б.
Бұл - «ашық талақ» сөздерін қолданғанға есептелетіндіктен (талақ ас-сарих), «рижғи талақ» үкімінде. Яғни, әлгі жолдаған талағы бірінші не екінші мәрте айтылған талағына есептелсе, арадағы некелері бұрынғы қалпынша сақталады (егер де үш рет айтпаған болса). Сондықтан, ері үш хайыз келу уақыты ішінде әйелімен татуласуына құқылы. Неке жаңартуының керегі жоқ[1].
3.«Талақ» сөзін екінші жақта айтумен қатар, қандайда бір нәрсені шарт қоя отырып жазған болса, сол шарты жүзеге аспай «талақ» сөзі күшіне енбейді. Мысалы, «мына хатымды оқыған болсаң сен талақсың» немесе «осы жазғаным саған жеткен сәттен бастап, талақ бол» деп шарт қоя отырып жазған жағдайда, қойған шарты бір жағдайлармен жүзеге аспай қалса, талақ та жүзеге аспайды. Мысалы, жазған SMS-і жетпей қалса, яки, бір жағдайлармен оқылмай қалып, жойылып кетсе, талақ жүзеге аспайды[2].
[1] Бадаиғу – 4/240 бет.; Фәтәуә әл-Һиндия – 1/415 бет.