10-11 маусым аралығында Астанада Əлемдік жəне дəстүрлі дін жетекшілерінің V съезі өтеді.
Бұл жөнінде ҚР Президенті жанындағы ОКҚ брифингінде ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков айтты.
Өз баяндамасында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Əлемдік жəне дəстүрлі дін жетекшілерінің съезін шақыру туралы бастамасының заманауи жаһандық қауіп-қатерлер алдыңғы қатарға шығып отырған қазіргі жағдайдағы өзектілігіне баса назар аударған комитет төрағасы:
- Съезд жұмысына 42 елден құрамында аса беделді дін өкілдері мен саяси қайраткерлері бар 80-нен астам делегация қатысады деп күтілуде. Съездің күн тəртібінде "Бейбітшілік пен даму жолындағы дін жетекшілері мен саяси қайраткерлер диалогы" тақырыбын бойынша мəселелер қаралады, - деді.
Оның айтуынша, Астана дінаралық саммит шеңберінде 2009 жылы 3 съезд барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынысымен құрылған Дін жетекшілері Кеңесінің екінші отырысы өтеді.
Айта кетейік, съезд соңында қорытынды құжат V съездге қатысушылардың "Астана декларациясы" қабылданып, жария етіледі.
hibatulla.kz