Астанада «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен облыстардағы бас имамдардың қатысуымен РАНТ (Республикалық ақпараттық насихат тобы) мүшелерінің алқалы жиыны өтті.
Алқалы жиында басты екі мәселе талқыланды. Оның бірі соңғы бір жылдағы Республикалық ақпараттық насихат тобының атқарған жұмысы мен алдағы уақытта қолға алынуы тиіс шаралар.
«Қазір қоғамымызда дәстүрлі ислами құндылықтар жайлы дұрыс ақпарат тарата білу өзекті мәселе. Сондықтан бүгінгі таңда халық арасында, әсіресе жастарға дін туралы ұғымды түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу ауадай қажет болып отыр. РАНТ мүшелері осы бағытта жұмыс жасап, бір жыл ішінде 1,5 млн. тұрғынды ақпарат-насихатпен қамтыды. Өткен жылы жат ағымның жетегінде кеткен 550 адам дәстүрлі дінімізге қайта оралды»,-деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Сонымен қатар, жиын барысында еліміздегі діни, рухани мәселелер мен оны шешудің жолдары, жүйелі діни түсінік қалыптастыру мен дінді халыққа жеткізу мәселелері туралы баяндама жасалып, ұсыныстар айтылды.
Кездесуде РАНТ мүшесі Смайыл Сейітбек дәстүрлі діни таным қалыптастыру, жат ағымдардың алдын алу жайлы баяндама жасап, ақпараттық жұмысты ілгерілету үшін әр тоқсан сайын өңірлерге барып жүйелі түрде уағыз-насихат жүргізу, қазіргі қоғам талабына сай діни кітапшалар мен қысқаметражды бейнероликтер шығару жайында өз ұсынысын жасады.
muftyat.kz