Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұйымдастыруымен «Ислам қаржылық қызмет көрсету кеңесінің» ХІІ саммиті өз жұмысын бастады, деп хабарлайды egemen.kz.
Әлемдік қаржы саясатының ірі өкілдерінің бірі болып табылатын Ислам қаржылық қызмет көрсету кеңесі (IFSB) дүниежүзінде исламдық қаржыландыру тетігін дамыту, қаржы мекемелерінің қызметін реттеу және қадағалау, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету секілді қызметтерді атқарады. Бұдан өзге, бұл кеңес исламдық қаржы индустриясының негізгі ойыншылары өзара үнқатысу мен еркін қатынас жасау алаңы ретінде де әлемдік экономика саласында маңызды рөлге ие.
Алғаш рет 2004 жылы Уэльс ханзадасы Чарльздің бастамасымен Ұлыбританияда өткен аталмыш саммиттің ХІІ отырысын Қазақстанда өткізуге 2014 жылдың соңында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен Ислам қаржылық қызмет көрсету кеңесі арасында жасалған меморандум нәтижесінде қол жеткізілген болатын.
Еске сала кетсек, елімізде исламдық қаржы жүйесін дамыту ниетінде бірқатар игі шаралар мен заң жобалары қабылданып, бүгінде өз нәтижесін бере бастады. Атап айтқанда, 2011 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Исламдық қаржылық қызметтер жөніндегі кеңесіне (IFSB) мүше болып кірді. 2009 жылы Қазақстан Республикасында Исламдық қаржыландыру жөніндегі заң қабылданып, соған сəйкес ислам банктерінің, исламдық инвестициялық қорлардың жұмыс істеуі, исламдық бағалы қағаздардың шығарылуы үшін жағдайлар жасалды. 2011 жылы мемлекеттік исламдық бағалы қағаздарды шығару мүмкіндігін көздейтін, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының резиденттері шығаратын исламдық бағалы қағаздардың оригинаторларының тізбесін кеңейтетін заң қабылданды. Исламдық қаржыландыруды, сақтандыруды жəне лизингті дамыту үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру жəне исламдық қаржыландыру мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын əзірледі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Исламдық қаржыландыруды дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасын бекітті, оны іске асыру исламдық қаржылық қызметтер индустриясын тұрақты дамыту үшін жағдайлар жасауға, эмитенттердің, инвесторлардың жəне нарыққа қатысушылардың шекті көлемін құруға ықпал ететін болады.
ТМД көлемінде алғаш рет Қазақстанда өткізіліп отырған саммитке әлемнің 35 мемлекетінен 300-ден аса делегат қатысуда. Саммит қонақтары қатарында қаржы нарығын реттеу және қадағалау органдарының, халықаралық қаржы институттарының өкілдері, қаржы нарығына қатысушы белсенді топ пен қаржы-экономика саласының жетекші ғалымдары мен сарапшы мамандары бар.
Алматы төрінде өтіп жатқан саммит қонақтары мен қатысушыларын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов он-лайн режімінде құттықтап, елімізде исламдық қаржы жүйесінің дамуына жасалған мүмкіндіктер барысын да айтып өтті.
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Ислам қаржыландыруының 2020 жылға дейiнгi жол картасы дайындалып, қазіргі таңда ол қабылданды. Ел Үкіметінің болашаққа жасаған қадамы барысында Исламдық қаржы қызметтері кеңесінің мүшелігіне ендік, – деді өз сөзінде Үкімет басшысы.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов саммиттің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде елімізде исламдық қаржыландыру тетігімен қатар, отандық қаржы саласының жаңа деңгейге көтерілгендігін, аз ғана уақыт ішінде көптеген игі жұмыстар атқарылып, мемлекет тарапынан үлкен қолдаудың көрсетіліп отырғандығын тілге тиек ете келіп:
– Ислам қаржылық қызмет көрсету кеңесі әлемдегі мұсылман елдерінен өзге де мемлекеттермен тығыз байланыс орнатып, жаһанға қаржыландыру және қаражатпен дұрыс жұмыс істеудің исламдық тиімді жолын насихаттап келеді. Азия мен Батыстың алдыңғы қатарлы дамыған елдерінің экономикаларына инвестиция салу арқылы аталған Кеңес тек қаржы саласына ғана емес, жалпы адамзаттық даму үдерісіне де зор ықпал еткенін айта кетуіміз керек, – деді Бас банкир.
– The Islamic Financial Services Board (IFSB), Ислам қаржылық қызмет көрсету кеңесі – банк жəне сақтандыру жүйесінен, сондай-ақ, капитал нарығынан тұратын исламдық қаржылық қызметтер индустриясының тұрақтылығын қамтамасыз ететін ұйымдарды реттейтін жəне бақылайтын халықаралық орган. IFSB-ның 184 мүшесі бар, оның 59-ы реттеуші жəне қадағалаушы органдарға тиесілі жəне 8 халықаралық үкіметаралық ұйымдар бар. Халықаралық қаржы саласы инвестиция жасау үшін жоғары өсу қарқыны бар жаңа нарық көздерін іздеуде. Сол себепті қазіргі таңда экономикалық өсімі мен тұрақтылығы жөнінен Қазақстан Орталық Азия мен ТМД көлеміндегі бірден-бір қолайлы мемлекет, – деп атап көрсетті IFSB Бас төрағасы Жасим Ахмад.
Бұған дейін Катарда, Ливанда, БАӘ-де, Иорданияда, Сингапурде, Бахрейнде, Люксембургте, Түркияда, Малайзияда және Маврикияда өз жұмысын тиімді жүргізіп келген саммитке қатысушы қаржыгер мамандар Алматыда өткен басқосудың жемісті болғанымен қатар, келешекте Қазақ елінде исламдық қаржы индустриясының қарқынды дамуына зор мүмкіндіктердің бар екендігін атап көрсетті.
hibatulla.kz