14 мамыр күні оңтүстіктің төрі, қазыналы Қаратау қаласында алаштың аяулы ақыны Шорабек Айдаровтың мерейі асқан, мәртебесі тасқан тойы өтуде.
Қаратау қаласындағы Ұлбике ақын атындағы Талас аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мұрындық болып отыр.
Бүгінде алпысты алқымдаған ақсақал «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасында шығарушы редактор қызметін атқарып, халықты имандылыққа, адамгершілікке шақырып, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ат салысып келеді.
Шара барысында Шорабек Айдарұлының 60 жасқа дейінгі елге, дінге еткен қызметі елеп-ескеріліп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының арнайы алғыс хаты табысталды.
Бас мүфти хатта: «Расында да, дінге ұлтқа қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Сіздің Тәуелсіздік жылдарында төл өнеріміз айтыстың абыройын асқақтатып, өсиетті жырларыңыз бен ғибратты толғамдарыңыз ұлағатты ұрпақ тәрбиесі мен иманды қоғам құруға қосылған өлшеусіз үлес деп есептеймін» деп ыстық ықыласын білдірген.
Алғыс хатты Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Данияр қажы Жұмабаев оқып, табыстады.
Сондай-ақ, аудан әкімі Болат Рысмендиев айтыстың ақсақалы Шорабек Айдаровқа «Талас ауданының құрметті азаматы» атағын беріп, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Ақынға көрсетілген құрмет мұнымен бітпейді, алқалы жиында меценаттар темір тұлпардың кілтін де табыстады.
Мәртебелі той алдында облыстық "Ақжол" газетіне аузы дуалы Көсемәлі Сәттібайұлының Шорабек Айдар туралы көлемді мақаласы жарияланса, Азамат Есалы өзі басшылық ететін "Мəдениет" журналының 8 бетін бір-ақ арнаған екен.
asylarna.kz