29 сәуір күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан жасақталған арнайы делегация Мысырға іссапармен аттанды. Делегация құрамында «Асыл арна» телеарнасының түсіру тобы да бар. Сапардың алғашқы күнінде еліміздің Каирда орналасқан елшілігінде қазақстандық студенттермен кездесу өтті.
Делегация құрамындағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі дін істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Бақытжан Кенесұлы Құлекеев бастаған азаматтар, атап айтар болсақ, ҚМДБ-ның пәтуа және шариғат бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, Бас мүфтидің кеңесшісі Қуат Раев жастарға білім талап етудің қыр-сырын үйретіп, уағыз-насихаттарын айтты. Қазіргі таңда онда 250-ге жуық студент білім алуда.
Ал ҚМДБ жастар және жалпы істер бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан көпшілікті таяуда ғана өткен Республикалық имамдар форумында қабылданған құжаттармен таныстырып, тұғырнаманың қағидаларынан хабардар етті.
Делегация бұдан кейін әл-Азһар университеті проректорының қабылдауында болды деп хабарлайды «Асыл арна» тілшісі Нұрболат Жантелі. Елден барған дін қызметкерлері студенттерді Каирда оқыту, тәжірибе алмасу сынды көптеген мәселелерді талқылап, бірқатар оң шешімдер қабылдады.
Айта кетейік, делегация бүгін Александрия қаласына қарай жол тартты. Мақсат – аталған шаһарда білімдерін шыңдап жүрген студенттердің хал-ахуалымен танысу.
asylarna.kz