Парламент мәжілісінің депутаттары сенаттың исламдық қаржыландыру және сақтандыру мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізген өзгерістері мен толықтыруларын мақұлдады.
Заң жобасы ислам сақтандыру жүйесін жасау арқылы толыққанды ислам қаржы жүйесін құруға, ислам банктерінің қызмет етуіне қолайлы жағдай туғызуға арналған.
Қазақстанда ислам банктері мен исламдық қаржыландыру ұйымдарының қызметі жөніндегі алғашқы заң 2009 жылы қабылданған. Бұдан соң Қазақстандағы әзірге алғашқы және жалғыз ислам банкі - Al Hilal банкі жұмыс істей бастаған. Банк әзірге тек түрлі компаниялармен жұмыс істейді, жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді.
Қазақстан қаржы министрлігі исламдық қаржыландыру талаптарына сай бағалы қағаз - сукукты айналымға енгізген. Бірақ исламдық қаржыландыру мен сақтандыру институттары бұдан ары дамымады.
Ислам банкингі пайыздық өсімді дұрыс емес деп санайды және материалдық активтерді беру мен түрлі қаржыландыру қызметтерін көрсетуді шариғат талаптары бойынша жүзеге асыруды қарастырады.
hibatulla.kz