ҚҰРАНДА АТЫ АТАЛҒАН 15 ЖАНУАР

ҚҰРАНДА АТЫ АТАЛҒАН 15 ЖАНУАР

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Құран Кәрімде көптеген жануарлар мен жәндіктердің аты аталған. Тіпті жануарлардың атымен аталған сүрелер де бар. Мысалы, «Бақара» (сиыр), «Әнғам» (түліктер) және «Фил» (піл) сүрелері. Сондай-ақ «Нәхл» (аралар), «Нәмл» (құмырсқалар), «Әнкабут» (өрмекші) сүрелері жәндіктердің атымен аталған.

«Бақара» сөзі «сиыр» деген мағынаны білдіреді. Бұл сүреде құрбандыққа шалынған сиыр жайында баяндалады. Бани Исраил қауымынан шыққан бір кісіні біреу өлтіреді. Алайда оны кім өлтіргенін ешкім білмейді. Осы кезде Алла Тағала Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға: «Қауымыңа айт, сиырды құрбандыққа шалып, бір бөлігімен мәйітті ұрсын»,– деп бұйырады. Алланың бұйрығын орындағанда, мәйітке жан кіріп, өзін кім өлтіргенін айтады. Ал «әнғам» сөзі «түліктер» деген мағынаны білдіреді. Бұл сүреде төрт түлік және оларға қатысты үкімдер айтылғаны, сондай-ақ мүшріктердің кейбір түліктерді өздеріне харам санағаны баяндалғаны үшін «әнғам» деп аталды. «Фил» сөзі «піл» деген мағынаны білдіреді. «Фил» сүресінде піл мінген әскерлердің Қағбатулланы ойран етпек болған оқиғасы қамтылғандықтан, сүре осылай аталған. «Нәхл» сөзі «аралар» деген мағынаға саяды. Сүреде бал аралары туралы айтылады. «Нәмл» сөзі «құмырсқалар» деген мағынаны білдіреді. Сүреде Сүлеймен (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың құмырсқалармен кездесуі жайлы баяндалғандықтан, сүре осылай аталған. «Әнкабут» сөзі «өрмекші» деген мағынаны білдіреді. Бұл сүреде мүшріктердің сенімі өрмекшінің әлсіз торына теңестірілгендіктен, осылай аталған.

Құстар, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей, бауырымен жорғалаушыларды санамағанда Құранда 15 жануардың аты аталған.

1. Бұзау. Құранда «бұзау» сөзі он жерде айтылып, «Бақара», «Ниса», «Ағраф», «Һуд», «Таһа», «Зәрият» сүрелерінде келген. Бұл аяттың бәрінде Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) Тұр тауына кеткенде Бани Исраил қауымының көпшілігі Самири атты сиқыршы жасаған бұзауға сыйынып кеткені жайлы айтылады. Тек «Зәрият» сүресінде Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) оған қонаққа адам бейнесінде келген періштелерге үйітілген семіз бұзау әкелгені баяндалады.

2. Қасқыр. Құранда «қасқыр» сөзі үш жерде айтылып, үшеуі де «Жүсіп» сүресінде келген. Бұл аяттарда Жүсіптің (оған Алланың сәлемі болсын) ағалары әкесі Жақыпқа (оған Алланың сәлемі болсын) Жүсіпті «қасқыр жеп кетіпті» деп айтқанда баяндалады.

3. Шошқа. Құранда «шошқа» сөзі бес жерде айтылып, «Бақара», «Мәида», «Әнғам», «Нәхл» сүрелерінде келген. Бұл аяттың бәрінде өлексе, қан сияқты доңыздың арам екені айтылады. Тек қана «Мәида» сүресінде Алла қаһарланып кейбір қауымды маймылдар мен шошқаларға айналдырғаны баяндалады.

4. Есек. Құранда «есек» сөзі бес жерде айтылып, «Бақара», «Нәхл», «Лұқман», «Жумуға», «Муддәссир» сүрелерінде келген. Бұл аяттарда «есек» сөзі әртүрлі жағдайға қатысты баяндалған. Мысалы, «Нәхл» сүресінде «есектерді міну үшін жаратты» делінсе, «Лұқман» сүресінде «дауыстың ең жағымсызы – есектің дауысы» деп айтылады. «Жумуға» сүресінде Тәуратпен амал етпегендерді кітап көтерген есектің мысалына теңейді.

5. Сиыр. Құранда «сиыр» сөзі жеті жерде айтылып, «Бақара», «Әнғам» сүрелерінде келген. «Бақара» сүресінде келген аяттың бәрінде Бани Исраил қауымына өлтірген кісіні табу үшін сойылатын сиырдың сипаты мен жасына қатысты мәліметтер көрсетілген. Ал «Әнғам» сүресінде яһудилерге жануарлардың қайсысын жеу, қай жерін жемеу керектігі баяндалғанда «сиыр» сөзі кездеседі.

Коллаж gas-kvas.com сайтынан алынды

6. Қашыр. Құранда «қашыр» сөзі «Нәхл» сүресінде бір жерде ғана келеді. Бұл аятта «қашырды міну үшін жаратты» делінеді.

7. Арыстан. Құранда «арыстан» сөзі «Муддәссир» сүресінде «қасуара» сөзімен бір жерде ғана келеді. Бұл аятта кәпірлердің Құраннан теріс айналатынын «құдды (тап берген) арыстаннан қашқан үріккен есектер (жабайы) сияқты» деп келтіреді. 

8. Інген. Құранда ««інген» сөзі «Тәкуир» сүресінде бір жерде ғана келеді. Қиямет күнінде болатын он екі көрініс жайлы айтылғанда тууға сағаты жақындап қалған буаз інгеннің өзі иесінің есінен шығып, әркім өзімен-өзі әуре болып қалатыны айтылған.

9. Піл. Жоғарыда баяндап кеткеніміздей Құранда «піл» сөзі «Фил» сүресінде бір жерде ғана келеді.

10. Маймыл. Құранда ««маймыл» сөзі үш жерде айтылып, «Бақара», «Мәида», «Ағраф» сүрелерінде келеді. Бұл аяттың бәрінде Алла қаһарланып кейбір қауымды маймылдарға айналдырғаны жайлы баяндалған.

11. Ит. Құранда «ит» сөзі алты жерде айтылып, «Мәида», «Ағраф», «Кәф» сүрелерінде келеді. «Кәф» сүресінде дін үшін үңгірді паналаған жастармен бірге болған ит жайында айтылса, «Мәида» сүресінде аң аулауға үйретілген иттің аулаған жемтігі халал екені айтылады. Ал «Ағраф» сүресінде мал-дүниеге берілген адамның мысалын тілін салақтатып, әрдайым дәметіп тұратын итке ұқсатады.

12. Түйе. Құранда «түйе» сөзі «жамал» сөзімен екі жерде, «ибил» сөзімен екі жерде, «будн» сөзімен бір жерде, «байр» сөзімен екі жерде, «нәқа» сөзімен жеті жерде, «бахира», «сәиба», «уасила» және «хаам» сөздерімен бір жерде айтылады. «Жамал» сөзімен «Ағраф», «Мурсәләт» сүрелерінде келеді. «Ағраф» сүресінде аяттарды өтірікке шығарушылар түйе иненің көзінен өткенше жұмаққа кірмейтіні айтылса, «Мурсәләт» сүресінде тозақ отыны пішіні сары түйедей ұшқын шашатыны баяндалады. «Ибил» сөзімен де Құранда екі жерде «Әнғам» және «Ғашия» сүрелерінде келеді. «Әнғам» сүресінде мүшріктердің кейбір түліктерді өздеріне харам санағаны баян етілсе, «Ғашия» сүресінде «кәпірлер түйенің ғажап жаратылысына қарамай ма?» деп ескертіледі. «Будн» сөзімен Құранның «Хаж» сүресінде құрбандыққа шалынатын малдар ішінде баян етіледі. Ал «байыр» деп Құранның екі жерде – «Жүсіп» сүресіндегі «патшаның ыдысын тауып бергенге бір түйе жүгімен береміз» деген аяттарда кездеседі. Сондай-ақ түйе «нәқа» сөзімен Құранда жеті рет «Ағраф», «Һуд», «Исра», «Шуғара», «Қамар», «Шәмс» сүрелерінде келген. Бұл сүрелердің бәрінде Сәмуд қауымына жіберілген Салих (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың түйесі жайлы баяндалады. «Мәида» сүресінің 103-аятында түйе сөзі «бахира», «сәиба», «уасила» және «хаам» сөздерімен келеді. Бұлар Ислам діні келгенге дейінгі арабтардың пұттарға сыйлайтын түйелердің атауы болған.

13. Жылқы. Құранда «жылқы» сөзі бес жерде айтылып, «Әли Имран», «Әнфал», «Нәхл», «Исра», «Хашр» сүрелерінде келеді. Жалпы бұл аяттарда жылқы малы соғысқа мінілетін көлік, міну үшін жаратылған жануар әрі бұл дүниенің зейнеті екені баяндалады. Сондай-ақ жылқы сөзі Құранда «жиад», «адиат», «муриат» сөздерімен келген. «Сад» сүресінде Сүлеймен (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға көрсетілген жүйріктер «жиад» сөзімен берілсе, «Адиат» сүресінде алқына шапқан аттар – «адиат», тұяғынан ұшқын шашқан аттар «муриат» сөздерімен келеді.

14. Қой. Құранда «қой» сөзі үш жерде айтылып, «Әнғам», «Таһа», «Әнбия» сүрелерінде келеді. «Таһа» сүресінде Мұсаның (оған Алланың сәлемі болсын) қой баққаны жайлы айтылса, «Әнбия» сүресінде Дәуіт пен Сүлеймен (оларға Алланың сәлемі болсын) пайғамбарлардың біреудің қойы түскен егінге қатысты үкім берілген аяттарда келеді. Сондай-ақ қой сөзі Құранда «дзан», «нәжатун» сөздерімен де келеді. «Дзан» сөзімен «Әнғам» сүресінде (мүшріктердің кейбір түліктерді өздеріне харам санағаны баяндалады), «нәжатун» сөзімен «Сад» сүресінде (Дәуіт пен Сүлеймен (оларға Алланың сәлемі болсын) пайғамбарлардың қойға қатысты берген үкімі айтылады) келеді.

15. Ешкі. Құранда «ешкі» сөзі «Әнғам» сүресінде бір жерде айтылады. Бұл сүреде жоғарыда айтып өткеніміздей, мүшріктердің кейбір түліктерді өздеріне харам санағаны баян етілген аятта ешкі сөзі де айтылады. 

Алла Тағала бүкіл нәрсені адам баласы үшін, соның ішінде жан-жануарды азықтануымыз әрі көлік ретінде пайдалануымыз үшін жаратты. Осы арқылы Алла Тағала Өзінің құдіретін паш етті. Ендеше, Жаратушы Иеміз баршамызға берген нығметтеріне шүкір ететін әрі жаратылыстарынан ғибрат алатын пенделер қатарынан болуымызды нәсіп етсін.

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

РАНТ мүшесі

«Иман» журналы, №7, 2023 жыл  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: