Соңғы кездері «Менің уақытым жоқ» деген сөзді жиі естіп жүреміз, өйткені жас та, кәрі де бұл пікірді көп қолданатын болып алған. Біреулер үшін бұл – ақталу, сылтау ғана, олардың пайдасыз нәрселерге уақыты бар да, бірақ ең маңызды дүниелерге уақыттараы қалмай жатады, ал енді кейбіреулер көп пайдалы әрі игі істер жасайды, алайда олар одан да көп жақсы амалдар жасап үлгеру үшін уақытын дұрыстап игере алмай жүргені. «Уақыт жоқ» деген мәселені шешуге болады! Мұсылман болып жаратылған біздер үшін мұның шешімі біздің асыл дінімізде келтірілген:
• Дұға жасау. Нығметті беруші де көбейтуші де Жалғыз Алла. Алладан өзіңізге игілікті уақыт сұраңыз, оны сізге және қоршаған ортаға пайдалы болуын тілеңіз, сізге берілген уақытты бос жібермеуге тырысыңыз.
• Ниетті жаңартып отыру. Күнделікті өзіңізге келесідей сұрақтарды қойып отырыңыз: Өз өміріңіздің қандай болуын қалар едіңіз? Бұл өмірде неге ұмтылудасыз? Сіздің ниеттеріңіз уақыттан барынша пайда әкелудің басты уәждеуішіне айналсын.
• Мақсат қоя білу. Адамға ұзақ мерзімді мақсат қажет. Өмірдегі барлық әрекеті сол мақсатынан бастау алып, өрбімек. Басты мақсатты анықтап алған соң, қысқа мерзімді мақсаттар мен міндеттерді алдыға қойып, оларды орындауға кірісіңіз. Есіңізде болсын, сәттілік пен кемелдік өздігінен келмейді, бұл нақты ойлау мен жоспарлаудың нәтижесі. Мақсат қойып, Бір Аллаға тәуекел етіңіз.
• Өз ойларыңызды ретке келтіру. Өз уақытыңызды барынша тиімді қолдану үшін ұйымдасқан болу маңызды. Өз ойларыңызды ретке келтіріп, нені қалайтыныңызды біліңіз, жинақы болу үшін өз істеріңізге күнделік жүргізіңіз.
• Күнделікті жетіліп отыру. Барлық күш-жігеріңізді салып, қолыңыздан келетіннің бәрін жасауға тырысыңыз. Құлшылығыңызды, мінезіңізді, әдеттеріңізді жетілдіріңіз.
• Таң намазын оқу. Таң намазы ерекше қасиетке ие. Таңғы уақыттың өзіндік ерекшелігі бар. Кімде-кім таң намазын уақытында оқыса, оның пайдасын күні бойы сезініп жүретін болады.
• Әрбір істі Алланың атымен бастау. Біз - мұсылмандар «Бисмиллә» сөзінде қаншама игіліктің бар екенін білеміз, Алла атымен бастап, біз Аллаға сенім артамыз, өз ісімізді Оған тапсырамыз әрі ісімізден қайыр-береке табамыз.
Қасиетті Құранда былай айтылған: "Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды!" (103:1-3).