Тәжікстанда жақын туыстардың некелесуіне тыйым салынбақ

Тәжікстанда жақын туыстардың некелесуіне тыйым салынбақ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Тәжікстанда жақын туыстардың бір-біріне үйленуіне тыйым салу мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Бұл туралы news-asia.ru-ға сілтеме жасап, "Егемен Қазақстан" басылымы хабарлады.

Қазіргі таңда елдің Денсаулық сақтау министрлігі аталған жағдаятқа байланысты заң жобасын әзірлеу қажеттігін алға тартып отыр. Министрліктің мұндай бастама көтеруіне бір-бірімен үйленген өте жақын туыстардың отбасыларында туған балалардың арасында мүгедектердің тым көбейіп кеткені мәжбүр еткен.

Осы орайда ведомства мамандары Хатлон облысында жүргізген зерттеу нәтижелерін алға тартқан. Хатлон облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлім кеткендей, өңірде 18 жасқа дейінгі 9 700 мүгедек бар екен. Олардың 1 546-сы жақын туыстардың некелесуінен туғандар көрінеді. Республикада осындай некелерден дене және ақыл-ес кемістігі бар балалар көп туылып жатқаны дәлелденсе де, елде бұған тосқауыл қояр заң жоқ.

Осы жөнінде 2013 жылы қызу талқылау болған. Бірақ ол бос сөз ретінде қалып қойған-ды. Енді міне, бұл тақырып қайтадан сөз бола бастады. Бұл жолы аталмыш мәселені ел президенті Эмомали Рахмон көтерді. Демек, өте жақын туыстардың шаңырақ көтеруіне заң жүзінде тоқтау салу ісі өз шешімін табатыны әбден мүмкін. Жалпы, дәстүрлі, әбден қалыптасып қалған үрдіске президенттің өзі қарсы шықса, мұндай некелерден тәжік ұлтының көп зардап шегіп отырғанын анық аңғаруға болады.

"Мемлекетте 13 мың мүгедек бала бар.Олардың басым бөлігінің әке-шешелері өте жақын туыстар. Сондықтан, Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі мұндай некелесуді түп-тамырымен құрту мақсатында жұмыс істеу керек", - деді Рахмон.

Тәжікстан президентінің сөзін халықтың бір бөлігі қолдаса, екінші бөлігі қабылдағысы жоқ. Туысқандардың некелесуін қолдайтындарды да түсінуге болар.

Өйткені мұндай отбасы құру дәстүрі тәжіктердің арасында көптеген ғасырлар бойы жалғасып келген.

Ал осылайша қалыптасқан үрдістен халықты бірден ажырату оңай шаруа емес. Көптеген адамдар өзге, туыстық жағынан алыс отбасымен құда болуды жаратпайды. Мұндай пікірдегілер туыстардың некесінен туған балалардың генінде кінәрат бар екенін растайтын нақты ғылыми дәйектер керек деп санайды.

Ал дін өкілдерінің сөзіне қарағанда, немерелес туысқандардың некелесуін Ислам діні қолдамайды, бірақ, оған тыйым да салмайды екен. Дегенмен, Ислам ғалымдары туыстық жағынан алыс жандардың некесінен туған балалардың денсаулықтары жақсы болатынын айтады.

hibatulla.kz 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: