Қазақтың ең орныққан, маңызды қағидасының бірі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету. Ұрпақтарға ең үлкен тәрбиені де осы бір ауыз сөзбен бойына сіңірген. Үңілсек, бұл сөзде үлкен философия жатқан сияқты. Өзімізден үлкенді құрметтесек, өзімізден кішіге иіліп ізет көрсетсек, адамзатты сыйлаған, бәрімен жақсы қарым-қатынаста болмаймыз ба? Ал күллі адамзатты сыйласаң, өзің де сыйлы боласың, құрметке бөленесің. Әсілі, дінімізде де үлкенді құрметтеу – Алланы ұлықтаудың бір түрі. Пайғамбар (с.а.у.) бір хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі», – деген. Расында, дінімізде Алла Тағаланы ұлықтау тек тілмен зікір ету немесе ертелі-кеш құлшылық етумен ғана емес, Алла разылығы үшін деп істелген әрбір игі іспен жүзеге асады. Ислам дінінің кереметтілігі міне, осыда жатыр.
Халқымызда «Үлкенге - құрмет, кішіге – ізет» деген мақал бар. Бұның өзі өсіп келе жатқан әрбір жас ұрпақты имандылыққа, мейірім - қайырымдылыққа тәрбиелеу. Адам бойында жақсы – жаман қасиеттер болады. Біздің халқымызда үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болуға бала кезден көп көңіл бөлінеді. Ол ананың сүтінен, үлкеннің ақылынан, ұстаздың үйреткенінен, кез келген адамның кісілігінен білінеді.
Мәселен: жасы үлкенге иіліп сәлем беру, алдын кесіп өтпеу, алдынан барып есік ашу, үйге бұрын кірмеу, дастарханға бұрын қол созбау, үлкеннің сөзін бөлмеу, сөз жарыстырмау - жастарымыз үшін бұлжымас заң.
Дана Абай атамыз:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Кімде-кім мейрімділік көрсетпесе, мейрімге бөленбейді» деген. Бұл хадистен түсінетініміз қоршаған ортасына мейір - махабаты жоқ пенде осы дүниеде адамдардың құрметінен, ал қияметте Алла Тағаланың рахымынан құр қалады екен. Үлкенді құрметтеген өзі қартайғанда құрметке бөленеді. Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.) «Алла Тағала үлкеннің жасын сыйлап, құрмет көрсеткен жастарға, қартайған шағында өзіне де дәл солай құрмет көрсетіп, қызмет ететін жасты кез қылады» деген. Осы хадисті аталарымыз «Құрмет етсең - құрмет көресің» немесе «атаңа не жасасаң - алдыңа сол келеді» деген мақал сөздермен түсіндірген.
Ең үлкен жақсылық әкеңнің достарына жасаған жақсылық. Абдуллаһ ибн Динар (р.а.): «Бірде Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) Меккеге барар жолда бір бәдәуиді (далалық араб) жолықтырады. Абдуллаһ әлгі бәдәуиге сәлем беріп, астындағы есегіне мінгізіп, басындағы сәлдесіне дейін шешіп береді. Біз мұны Абдуллаһ ибн Омардың өз аузынан естігенде: «Алла тағала сізді жарылқасын! Бұлар бәдәуилер ғой», - дедік. Сонда Абдуллаһ ибн Омар: «Мұның әкесі менің әкем Омар ибн Әл-Хаттабтың досы болған. Мен Алла елшісінің (с.а.у.) «Адамның ең үлкен жақсылығы – әкесінің жақсы көрген достарымен жақсы қарым-қатынаста болғаны» - деп айтқанын естіген еді», - деген. Осы хадистен түсінгеніміздей ата-анамыздың көзін көрген құрбы-құрдастарына сый құрмет көрсету арқылы Алла тағаланың алдында үлкен жақсылықтың сауабына кенеле алады екенбіз.
Қорытындылай келе тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – асыл дініміз бен салиқалы салтымыздың жас буынға қояр ең басты талаптарының бірі – жасы үлкенді ізет тұту. Ендеше, өзін мұсылманмын деп санайтын әрбір жастың Алла Елшісінің (с.а.у.): «Егер араларыңда еңкейген қарттар болмағанда, (істеген күнәларыңның кесірінен) бастарыңа толассыз бәле жауар еді», – деген хадисінің мәнін түсініп, көкейіне түйіп алғаны және соған қарай әрекет еткені жөн.
Нурмухамет Сабитұлы
«Рахман» мешітінің имамы