Қырғызстанда "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының қызметіне тыйым салу жоспарланып отыр.
Республиканың бас прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 ақпанда Қырғызстанның Ош облыстық прокуратурасы Ош сотына "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымы мен оның құрамындағы "Фронтан-Нусра" немесе "Джабхат-ан-Нусра", "Катибат әл-Имам Бухари", "Жаннат Ошиклари" бөлімшелерін террорлық ұйым деп танып, Қырғызстан аумағындағы қызметіне тыйым салу туралы ұсыныс келтірді.
"Бұл ұйымдардың 2006 жылы Иракта құрылғаны белгілі. Олар "әл-Каиданың" жергілікті бөлімшелерінің басшылығымен он бір топтың бірігуі арқылы Қырғыз Республикасының азаматтарын Сирия-Ирак аймағына тартумен және контрабандалық жолмен өткізумен айналысады. Сонымен қатар, Сирия мен Ирактағы әскери іс-қимылдарды жүргізіп жатқан жетекші террористік ұйымдардың құрамына қатысуға және сол заңсыз іс-шараларды Қырғыз Республикасының аумағында одан әрі жүзеге асыруды көздейді", - делінген хабарламада.
Қазір Ош облыстық прокуратурасының ұсынысы қаралып жатыр. Қырғыз Республикасы МҰҚК антитеррорлық орталығы директорының орынбасары Таалайбек Жапаровтың айтуынша, мәселе азаматтардың Сирияға соғысқа кетіп жатқанында ғана емес, ол адамдардың елге келгеннен кейін террорлық ұйымдар қазынасын толтыру мақсатында азаматтарды бопсалаумен және кісі тонаумен айналысатынында. Дәл осы адамдар кейін еліміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін", - деді ол. МҰҚК мәліметінше, қазіргі уақытта Сирия аумағында Қырғызстанның 300-ге жуық азаматы жүр, сонымен бірге, Сирияға "Ислам мемлекеті" қатарында соғысуға республикадан 50-ге жуық әйел де аттанған.
hibatulla.kz