Қарап отырсаңыз, кейбір мұсылмандарға бизнесті сәтті жүргізуде айы оңынан туып тұрса, ал кейбіреулер бизнесін шырқ үйіріп әкете алмай жүргені. Бір жағдай, бір мүмкіндіктерде біреудің асығы алшысынан түсіп жүрсе, ал біреудің сағы сынып жүреді. Қалайша кейбіреулер бір аптада басқалардан артық табысқа жетіп жатады? Табысты адамдардың басқалардан еш айырмашылығы жоқ, бірақ олар басқалардан ерекше етіп тұратын бірнеше қасиеттерге ие.
Осы қасиеттерді талқыламай тұрып, негізінде табысты болу дегеннің не екенін қарастырып көрейік.
Көп қаражат тауып, бірақ Алла Тағала, жанұя алдындағы және басқа да міндеттері туралы ұмытқан адамды табысты деп айтуға бола ма? Шынайы табыс түсінігі біржақты болып табылмайды әрі сезілетін мөлшермен өлшенбейді. Түпкі мақсат етіп ақиретті көз алдында ұстау арқылы ғана шынайы табысқа қол жеткізуге болады. Бұл дүниеде ешнәрсеге қарамастан бақытты болсақ, алайда, Алла Тағаланың разылығын алуда табысқа жете алмасақ, онда біздің сәтсіздікке ұшырап, күйрегеніміз.
Сонымен қатар, табыс түсінігі адам өмірінің барлық саласына қатысты болуы тиіс. Табысты бизнес – біздің өміріміздің тек бір бөлігі ғана. Енді табысқа қол жеткізу үшін адам қандай қасиеттерге ие болып, нені бойына сіңіру керектігіне көшейік. Төменде мұсылман үшін табысты бизнеске қол жеткізудің 6 «алтын» қағидаларын келтіреміз:
№1 қағида. Бизнесіңізді өз иманыңыздың көрінісі етіңіз.
Мұсылман бола тұра, біз бір нәрсені түсінуіміз керек әрі бұл фәни дүние табысы мен ақирет табысы үздіксіз байланыста екенін бойымызға сіңіріп жүру маңызды. Исламда материалды және рухани құрауыштар арасында еш дау жоқ, өйткені материалдық дүниеге қол жеткізу рұқсат етілген жолмен іске асар болса, онда оған ұмтылуда тұрған әбестік жоқ.
Адал табыс адам иманының көрінісіне айналуы тиіс, сондай-ақ, діни міндеттерін рұқсат етілген жолмен толықтыруға ұмтылуы қажет. Діни ұйғарымдарды бұлжытпай орындаулардан кейінгі ең үздік кәсіптердің бірі – адал жолмен табыс табу.
Бұл дегеніміз, сіз қабылдайтын кез-келген шешім Құран және сүннетпен келісілген түрде болуы керек... Осы жағдайда сіздің бизнесіңіз күмәнсіз әрі адал болады.
№2 қағида. Алла алдындағы міндеттер – әрқашан бірінші орында
Егер нағыз табысқа қол жеткізгіңіз келсе, онда бірінші кезекте үнемі Алла Тағала алдындағы өз міндеттеріңізді түгендеуіңіз керек. Бизнес және басқа істеріңіз діни міндеттерді орындауға кедергі болмауы тиіс. Бұл дегеніміз, намазды кейінге қалдыруға, жұма уағыздарын тыңдауға бармауға болмайды деген сөз, өйткені рызық пен молшылықты тек Алла нәсіп етеді, ал Оған құлшылық етпеу барып тұрған жақсылықты бағаламау болады.
«…Өздерін сауда-саттық; Алланың зікірінен, намазды орындаудан, зекет беруден тоспайтын адамдар бар. Олар, жүректер мен көздердің қозғалатын күнінен қорқады» [ 24:37].
Егер Алла Тағала сіз үшін бірінші орында болса, онда қалған дүниелер де табысты болып, берекелі, қайырлы болады.
№3 қағида. Уақытыңызды саналы түрде пайдаланыңыз.
Алла Тағала жаратқан пенделерінің әрқайсысына тәулігіне бірдей сағат берген. Қарап отырсақ, кейбіреулер сол берілген уақытты жемісті пайдалана біледі екен. Бұған қалай қол жеткізуге болады?
• Өз уақтыңызды бағалаңыз
• Алдын-ала жоспарлаңыз
• Басымдықтарды тағайындаңыз
• Бір мақсатқа фокусталыңыз
• Уақытында демалыңыз
№4 қағида. Жоғары стандарттарды тағайындаңыз
Егер сіз табысты кәсіпкер болғыңыз келсе, онда өзіңізге, тауарыңызға және қызметкерлеріңізге жоғары стандарттарды тағайындаңыз. Өзіңізге жоғары деңгейді тағайындап, соған сай болыңыз.
№5 қағида. Оң ойлаңыз.
Бизнесте бұл пунктің алар орны ерекше. Бизнесте болсын, бастаған бір істе болсын бәрі әрқашан ойдағыдай жақсы бола бермейді. Келеңсіздіктер мен қиындықтар туындап тұрады. Қандай жағдай орын алмаса да жағымды ойда болыңыз, уайымдамаңыз да қамықпаңыз. Мәселенің шешілуіне күш салыңыз, тәжірибе жинаңыз да одан әрі тың күшпен, жаңа іліммен алға қадам жасаңыз. Есіңізде болсын, сізбен болған әр нәрсе тек Алланың қалауымен ғана болады, бұл да сізге Алланың берген рызығы.
№ 6 қағида. Аллаға тәуекел етіп, ынтамен жұмыс істеңіздер.
Дағдыңызды жетілдіріп, өз қателіктеріңізден сабақ алыңыз, табысқа жету үшін, барлық күш-жігеріңізді салыңыз, бірақ Бір Аллаға ғана тәуекел етіңіз, өйткені Беруші де Сыйлаушы да Жалғыз Алла. Сәттілікке жету жолында бойұсынғыш қалпыңызды сақтап, Алла Тағаланың берген мүмкіндіктеріне, ақылына және қабілетіне шүкір айтыңыз. Алла берген кез-келген нәтижені қабыл етіңіз.