Аудандық "Қордай" мешітінде өңір жамағаты айт намазына жиналып, ұлыстың ұлы мерекесін намаздан, тәшриқ тәкбірлерден бастады. Бас имам Әлімұхаммед Егізбаев көпшілікті мерекемен құттықтап, "Құрбан шалудың үкімі", "Айт мерекесінің мұсылмандар көңіліндегі орны" тақырыптарында сүбелі насихат жүргізді.
Мешіттен шыққан жамағат спорттық ойындарда күш сынасып, арқан тартыс, гір тасын көтеру, қол күрес бойынша сайысты. Білекті бірді жығар азаматтарға қаржылай сыйлықтар үлестірілді.
Сонымен қатар палуандар жарысы өткізіліп, арқасына салып 50 рет қой көтерген Сұлтан есімді азамат жеңімпаз атанып, білек сыбанып көтерген қойды сыйлыққа алды.
Балаларға мешіт ауласында батут құрылып, ойыншықтар мен тәттілер таратылды. Айт мерекесінің мейірімге, берекеге толы екенін көрген балдырғандар шаттана түсті. Аудандық мешітте дүбірлеп өткен мерекелік шарадан соң көпшілік құрбан малдарын шалуға аттанды.
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі



22 Қаңтар 2026
3 Шаабан 1447

