Қасиетті Құрбан айттың екінші күнінде де еліміз бойынша құрбан шалу рәсіміне қатысты ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстары жүйелі түрде өтті.
Үйлестіру жұмыстарына бекітілген ҚМДБ және мешіт қызметкерлері өз міндеттерін тиісті деңгейде орындады.
Мұсылман қауымының ұлық мейрамында қайырымдылық шарасын жандандыра түсу мақсатында құрылған арнайы жұмыс тобының мәліметі бойынша Құрбан айттың екінші күні республика бойынша 8 828 қой, 813 ешкі, 572 ірі қара мен 17 түйе сойылса, 36 928 мұқтаж отбасыға және 265 мекемеге құрбандық еті жеткізілді.
Сондай-ақ еліміз бойынша www.qurban2022.kz сайтына қашықтан құрбан шалуға тапсырыс берген азаматтардың уәкілдік құрбандығы да ойдағыдай орындалды. Осы уәкілдік құрбандығының есебін қажет еткен жандарға атқарылған іс-шаралардың фото, видео мәліметі жіберілді.
Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қайырымдылық шарасына белсенді түрде атсалысып, мұқтаждың мұңын бөлісіп, сауапқа үлес қосқан барша азаматтарға, сондай-ақ жекелеген кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына айрықша алғыс айтамыз.
Алла Тағала жасаған қайырымдылықтың қайырын өздеріңізге еселеп қайтарсын деген дұға-тілектеміз.