Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы халықаралық әуежайында қажыларды қасиетті мекенге шығарып салды.
Бас мүфти ұлы сапарға аттанып бара жатқан қажыларға сәт-сапар тілеп, бес парыздың бірі қажылық құлшылығының мән-маңызына тоқталды.
«Алланың қалауымен, Хақ Тағаланың шақыртуымен қасиетті Қағбатуллаға қажылыққа аттанып барасыздар. Алла сапарларыңызды мүбарак етсін! Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаман сөз сөйлемей, күнәлі әрі орынсыз ешнәрсе жасамай, Аллаға қажылық жасаған адам анасынан жаңа туғандай (күнәсіз) оралады» деген. Ендеше осы ұлы сапарда Алла Тағала барша отандастырымызға Өзінің жеңілдігін беріп, аман-есен елге оралуын, көркем құлшылық жасауды нәсіп етсін!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ ұлы сапарға жиналған қажыларға Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Файсал бен Ханиф әл-Кахтани ақ жол тілеп, қажылық парызын аман-есен өтеп келулеріне тілектестігін білдірді.
Айта кетейік, биыл елімізден 4000 адам қажылық парызын өтейді. Отандастарымызға 18 қажылық компаниясы қызмет көрсетеді. ҚМДБ жанынан құрылған Қажылық миссиясы ұйымдастыру-үйлестіру, алғашқы медициналық көмек, уағыз-насихат, пәтуа беру, ақпарат тарату жұмыстарымен айналысады.