Дания белсенділері мектеп мұғалімдерін Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың карикатурасын пән ретінде оқушыларға үйретіп, Charlie Hebdo сатиралық журналына шабуыл жасағандар жайлы мәлімет беруге шақырды, деп хабарлайды Bnews.kz.
«Charlie Hebdo журналы тілшілерінің өлтірілуі мен 14 ақпанда Копенгагенде болған лаңкестік актіден кейін туындаған наразылықтар – оқушылар арасында талқыланып, тарихтың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс», - дейді Дания консервативтік халықтық партиясының өкілі Маи Меркадо (Mai Mercado).
Ал оқытушылар кәсіподағының өкілі Андерс Бондо Кристенсеннің (Anders Bondo Christensen) айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстарын мектепте емес, мұсылман оқушылардың ата-аналарымен жеке жүргізу керек.
Естеріңізге саламыз, осы жылдың 7 қаңтарында бақайшағына дейін қаруланған лаңкестер Париждегі сатиралық журналдың кеңсесіне басып кіріп, 12 адамды өлтірген болатын. Бұған себеп – журнал мамандарының Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың карикатурасын басып шығаруы еді.
Мұндай карикатуралар ең алғаш 2005 жылдың қыркүйегінде даниялық Jyllands-Posten газетінде жарияланған. Іле-шала суреттерді Еуропаның көптеген мемлекеті көшіріп басады. Осыдан кейін әлемнің түкпір-түкпірінде мұсылмандар жаппай наразылық шараларын ұйымдастырып, қала көшелеріне шығады. Айта кету керек, Исламда Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың суретін салуға түбегейлі тыйым салынған.
hibatulla.kz