Уақып - қасиетті қазақ тақиясы

Уақып - қасиетті қазақ тақиясы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сөздікте уақып «ұстау» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатымыздағы мәні – белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалану. Мысалы, үзілмейтін садақа жасауды ниет еткен адам жылжымайтын мүлікті Алла жолында уақып етсе, оның игілігін мұқтаж жандар ұдайы көреді. Алла Тағала «Жақсы көрген нәрселеріңді (дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар» («Әли-Ғимран» сүресі, 92-аят) деген аят түскен кезде Әбу Талһа (оған Алла разы болсын) Алла елшісіне барып: «Уа, Расулалла! Алла Тағала: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар» деді.

Мендегі бар дүние-мүліктердің ішінен Бәйруһа бағын өте жақсы көретін едім. Енді оны Алла жолында жұмсағым келеді. Иншалла, Алла Тағала бәлкім менің бұл садақамды қабыл етер» дейді. Осындай мысалдарды ата-бабалар тарихынанда көруге болады. Ол туралы Мәшһүр Жүсіп атамыз, Мек­кеге үшінші рет барған қажылар әуелі қазақтың маскүбін (мәзһабын) анықтатып, одан кейін орталарынан расход шығарып, бола­шақта қажыға келген қазақтар тұрақ­тайтын «Қазақ тақиясы» атты қонақүй салдырып, оны Құнанбай қажының атына жаздырған. Кейін қонақүйді орманшы Хасен шайқы даулап алған, одан кейін тоқал арғын Ешмұхамед даулаған, бұл күнде тақия Досжан халфенің атында екен, дейді. Мәшһүр Жүсіптің:  «осыны жазып отырған мен 70 жастамын» деге­ніне қарағанда, тақияның Досжан хал­фе атына жазылуы 1928 жылы іске асқаны.

Қонақүйді 1905 жылы қараша айында қажылыққа аттанып, 1906 жылдың 28 наурызында қасиетті сапардан оралған Шәкәрім Құдайбердіұлы өз көзімен көрген. Қажының баласы Ахат Шәкәрімұлының естелігінде: «Қасиетті Мекке қаласына барған Шәкәрім атасы Құнанбай басшылығымен салынған тақияны (тәкиені) іздеп, тауып барады. Бiрақ «менен бұрын басқа қажылар кiрiп қалған екен. Оларды ренжiтпей, пәтер алып түстiм» дейді қажы. Мекке сапары жайлы және атасы Құ­нан­бай туралы жазған Шәкәрімнің «Атам жайлы айтсам» деген естелігі бар. Осы жазбада қажы: «Құнанбай атам 1874 жылы қажыға барғанда қазақтар түсетін Меккеде бір тақия үй сатып алып, құдайы қылып еді. Мен пақыр 1905 жылдан 1906 жылға қарай қажыға барғанда тақияны көрдім. Кіші жүзден Сұлтан деген ғалым жігіт ие болып тұр екен. Басында қажы марқұмның қойған күтушісі Қанатбай сопы еді. Ол кісі өлген соң кемпірі қолын­дағы жиен қызын Сұлтанға беріп, тақияға ие қылыпты. Бірақ Сұлтан айтты: тақияға мен иелік қылғанмен бұл күнде ол Кіші жүз Досжан қажының атында жазулы тұр» деген деректі алға тартады.

Жуықта тағы бір деректің ұшығы шық­­ты. Өткен жазда умра қажылық парызын өтеуге барған астаналық Жандос Қоныспаев деген жас азамат Ауғанстанда дүниеге келіп, Меккеде ержеткен Иса деген қазақ баласымен танысады. «Исаның тағдыры әркімнің маңдайына жазы­ла бермейтін оқиғаларға толы. Бала кезін­де зәмзәм бұлағының басында шомы­лып өсіпті. Ол кезде зәмзәмнің бұла­ғы Ибраһим мақамының тұсында екен... Көз ашқалы Меккеде өскендіктен көп нәрсеге қанық, шаһар тарихын да жақсы білетін боп шық­ты», дейді Жандос Абумуталифұлы. Екеуара әңгіме барысында Иса бауырымыз: «Менің бала кезімде, яғни 1980-жылдары Әл-Харам мешітіне жақын орна­лас­қан қазақ тақиясына барып, ішіне кіріп үнемі дәрет жаңартатын едім. Қасында өзбек, ұйғырлардың да дәлелі (өкілдігі) бірге еді. Ана екеуіне қарағанда, қазақ дәлелі үлкен әрі еңселі көрінетін. Кейін арабтар байып кетіп, сол маңдағы жатаған үйлердің бәрін күреп тастап жаңадан биік қонақүйлер салды» - дейді.

 «Енді қазақ тақиясы қай жерде орна­ласқан еді?» деп сұрайтын болсақ, ол «Әл-Харам мешітінен алыс емес жерде «Сұқ Сағир» деп аталатын шағын аумақ болды. Осы ауданның мешітке қараған бетін­­де тақия тұратын. Дәл қазір тақияның орнын­­да «Дар әл-Тауһид» атты қонақүй тұр».

Ержан АМАНБАЕВ

Тараз қалалық орталық «Әулие ата» мешітінің Бас имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: