ИМАМДАР ФОРУМЫНАН ТҮЙГЕН ОЙ

ИМАМДАР ФОРУМЫНАН ТҮЙГЕН ОЙ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбында бесінші республикалық имамдар форумы өтті.

Форумда негізгі баяндама жасаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Бүгінгі форумда «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани (діни және ұлттық) құндылықтарды насихаттаудағы рөлі», «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасы құжаттары қабылданды.

Әр имам әр өңірде рухани жетекші болғандықтан, жамағат оған ұйып, құлшылық жасайды. «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі» құжатын қабылдаудағы мақсат – мешіттерде көпшілікпен намаз оқу тәртібін бірізділікке түсіру, жамағат арасында түсініспеушіліктерге жол бермеу, сонымен қатар ата-бабамыз ұстанып келген дәстүрлі ханафи мәзһабын дәріптеу.

Аллаға шүкір, бүгінде мүфтият діни ғана емес, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын рухани ордаға айналды. Біз ұлттық болмысымыз бен мұсылмандық келбетімізді сақтап қалу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани, яғни діни және ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы рөлін арттыруға басымдық беріп отырмыз.

Қажылыққа барып жатқан отандастарымыздың қатары жыл санап артып келеді. Біз қажыны құрметтеп, төрімізге шығарған халықпыз. Оның батасын алуға тырысамыз. Бұл ретте қажыларымыз да рухани тұлғасымен, көркем мінезімен, әдебімен айналасына үлгі-өнеге болуы тиіс. Қажы болу өмір бойы үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгін қабылданған «Қажының рухани келбеті» құжаты қажыларымыздың рухани жауапкершілігін арттыруды көздейді» деп атап өтті.

Аллаға шүкір, қазір жамағаттың діни сауаты күн санап артып келеді. Олардың арасында рухани бірлікті нығайтудың маңызы да күн сайын артып келеді. Бұл ретте бізге, яғни имамдарға жүктелер міндет зор деп білеміз. Жамағаттың бірлігін нығайтудың бірден-бір жолы – діни құлшылықтарды бірізділікпен өткізу. Имам діни рәсімдерді шариғат талабына сай өткізеді. Ал жамағат оған ұйып, құлшылығын өтейді. «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі» құжатының қабылдануы жамағаттың рухани бірлігін арттыру бағытындағы аса маңызды қадамның бірі болды деп санаймыз.

Имамдар форумында қабылданған «Қажының рухани келбеті» құжатында: «Аллаға шүкір, елімізде қажылық парызын өтеп келушілердің саны жыл сайын артып келеді. Діні мен дәстүрін ардақтай білген ата-бабаларымыз қажылық сапарын ұлықтап, «ұлы сапар» деп атаған. Оған барып, мұсылмандық парызын өтеп келген адамды «қажы» деп сыйлап, батасын алуға тырысқан. Бұл – қазақ халқының Алланың хақ дініне деген құрметі мен ыстық ықыласының дәлелі. Қажылық құлшылығының артықшылығы мен адам баласына берер пайдасы өте көп. Алайда қажылық жәй ғана саяхат емес. Оның рухани және шариғи тұрғыдан өзіндік ережелері мен әдептері, талаптары бар. Сол үшін қажылық құлшылығын жасайтын адам алдын ала жан-жақты дайындалуы қажет.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық құлшылығын өтеуші кісілерге арнайы «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасын әзірледі. Бұл тұғырнама үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде ұлық құлшылықты жасау үшін алдын ала қалай рухани дайындалу керектігі айтылса, екінші бөлімінде қасиетті мекенге барған кезде жасалуы тиіс іс әрекеттер мен көңіл бөлінуі қажет амалдар қамтылды. Ал үшінші бөлімде қажылық парызын өтеген кісінің елге келген соң күнделікті тіршілігінде қажы атына сай әрекет етуі үшін нендей істерге назар салуы керектігі жазылды.

Бұл құжат қажылық сынды ұлық құлшылықтың қаншалықты маңызды екенін, қажылардың қоғамда асыл дініміздің мәртебесін көтеруге өзіндік үлесінің зор екенін көрсетеді» деп жазылған. Шын мәнінде қажы қоғамда, отбасына, айналасындағы адамдарға көркем мінезімен, әдепті сөзімен, үлгі-өнегесімен, бауырмалдық қасиетімен, жақсы істерімен, түйіндеп айтқанда, қажы деген атқа лайықты болуы тиіс. Бұл құжат қажылығын өтеп келген барша жерлестірімізді өнегелі өмір сүруге үндейді.

Форум барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дәстүрлі жолымыз – Әбу Ханифа мәзһабы мен Мәтуриди діни сенім мектебіне негізделген қазақстандық діни мектепті насихаттауға, дамытуға баса көңіл бөлетінін және барша дін қызметкерлерін әлемдік өркениетке өзіндік даңғыл жол салған Қарахан мемлекеті мен Алтын Орданың, Қазақ хандығы мен кешегі Алашорданың мирасқоры ретінде қазақстандық діни мектепті қалыптастыру жолында күш біріктіруге шақырды. Расында бұл қазіргі жаһандану тенденциясының теріс ықпалына төтеп беретін жол деп білеміз. Алла Тағала Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының игі бастамаларына жар болғай! Әмин!  

 

Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ,

Шымкент қаласының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: