Айта кетейік, бүгінде Қазақстан әлемде ислами оқу-ағарту саласында аты мәшһүр Мысыр елімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Өзара әріптестік, ынтымақтастық байланыстың нәтижесінде елімізде «НұрМүбәрак» ислам мәдениеті университеті ашылып, бүгінде бұл білім шаңырағы дін саласының дамуында өзіндік орын алып келеді.
Еліміздегі мешіт имамдарының білім-біліктілігі мемлекет тарапынан да, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан да жіті қадағаланып, имам имиджінің қоғамда оң сипатта қалыптасуына ықпал етуде. Имамдардың білімін жетілдіру семинар-тренингтері, үш айлық курстар, аттестация бүгінде Діни басқарма жолға қойған жұмыстар.
Дін қызметінің деңгейін көтеру мақсатында жуырда ел имамдарынан емтихан сынақтары алынып, бес имам «Әл-Азһар» университетіне 3 айлық білім жетілдіру курсына жолдама алған болатын. Бүгін сынақтан сүрінбей өткен Нұрлан Рамазан, Ғазиз Ахмет, Думан Сайфуллин, Асқар Жұбанов пен Хамит Мырзагелдиевтерге ҚМДБ аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев пен Оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев сапар алдында халқымыздың ата дәстүріне сай сәттілік тілеп, ілім жолындағы дін қызметкерлеріне жүктелер міндет пен ел үмітінің салмағы ауыр екендігін айтты. «Ел руханиятында өзіндік үлесі әрі міндеті бар дін саласының атқарар қызметі ауыр. Сіздер осындай үлкен жауапкершілікті арқалап барасыздар. «Ілім іздену әрбір мұсылман ер, әйелге парыз» деп Алла елшісі үмметін білім алуға шақырған. Елімізде дін саласын дамытуға жасалып отырған мүмкіндіктер Алланың үлкен нығметі. Ислам дінінің көкжиегін кеңейтудегі қызметтеріңізді, ілім жолындағы сапарларыңызды Алла тағала жеңіл қылсын. Ел абыройын асқақтатады деп сенеміз» деді өз сөзінде аппарат басшысы.
«Қашанда бұл білім – жарық нұр, сәуле іспеттес. Онсыз көз алдыңдағы ақиқатты тануың да қиын. Білімсіздік мұсылмандардың жік-жікке бөлінуіне әкеледі. Ал, үмметтің тұтастығы, ұлтымыздың, халқымыздың ауызбіршілігі еліміз үшін ауадай қажет. Дүние-ақыретіміздік баянды болуы, кілті – ілімде. Ілім амалдардың абзалы. Ілім жолы – жәннатың жолы» деді оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев.
Ел үмітін арқалап, күні ертең Астана әуежайынан Мысырға аттанғалы отырған «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Нұрлан Рамазанмен сапар алдында аз-кем дидарластық. Нұрлан бұл сапардың өзге сапардан жөні бөлек, сынағы мен салмағы жеңіл емес екенін айтып, тәуекел – мұсылманның тұмары деп жылы жымиды. «Бір Аллаға тәуекел еткен халықпыз ғой. Үш айда мүмкіндігінше елімізге, халқымызға пайдасы тиер ілімді игеруге ниеттіміз. Асыл шариғатымызда ілім – мұсылманның жоғалған малы, оны қайдан тапса бірден бойға сіңіру қажет дейді. Шәкәрім атамыз «Келдім қайдан, қайтсем пайдам, өлгеннен соң не болам» деп екі дүниенің қайырлы болуын тілеп, толғанған. Елімізге пайдамыз тисе, қал-қадарымыздың жеткенінше қызмет қылсақ деген ниет. Осы ізгі ниетіміздің іске асуы Діни басқармамыз жасап отырған жұмыстың жемісі десек болады. Бүгінгі уақытта көпке мәлім, Ислам әлеміндегі дін саласында өз қолтаңбалары, абырой-беделі бар елдермен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнаған. Бұл ең бірінші кезекте еліміз еңсерген еселі еңбектің бірі деп білеміз. Алла осы абыройымыздан, осы нығметтерден айырмасын» деп Нұрлан Рамазан жүрекжарды тілегін білдірді. Біз де дін қызметкерлері мен мұсылман жұртшылығының атынан Жаратқаннан ізгілік сапарына аттанғалы отырған имамдарымызға жеңілдік, аман барып, абыроймен қайтуын, есендікте оралуын сұрап, тілектестік білдіреміз.