Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен ел тарихында тұңғыш рет қолға алынған "Ислам – бейбітшілік пен келісім діні" атты I республикалық имамдар форумы дін саласында дамудың жаңа белесіне өткенімізді айғақтағандай. Айтулы форумға алыс-жақын елдердің мұсылман дінбасылары да қатысып, қуанышымызға ортақтасқан еді. Игі шарада ізгі тілектерін білдірген бірқатар қадырменді қонақтардың жылы лебіздерін назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.
Рустам Хайруллин,
Татарстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти:
– Қазақстан өзінің діни саладағы жетістіктерімен көпшілікті таңғалдырып келеді. Ержан Малғажыұлы басқарып отырған Діни басқармаларыңыз қарқынды жұмыстар жүргізуде. Мемлекет билігі де елдегі діннің дамуы үшін көптен-көп көмегін аямай жатыр. Мәселен, соңғы жылдары қабылданған дін туралы заңдарыңызды ерекше айтып өтер едім. Онда қазақ халқы, сондай-ақ, өзге де түркі тілдес халықтар ғасырлар бойы ұстанып келген ханафи мәзһабының тарихи рөлі ерекше көрсетілген. Бұл ТМД аймағындағы ешбір елде орын алмаған үлкен жетістік.
Сондай үлкен істердің бірі – бүгінгі республикалық имамдар форумы. Біз үшін сіздерден алар үлгі-өнеге мол. «Имамдар этикасы», «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы» секілді құжаттардың қабылдануы да дін дамуына жаңа бір толқын, соны серпін бергендей.
Екі елдің діни басқармалары арасында қарым-қатынас жақсы жолға қойылған. Қазақ бауырлар бізден бір нәрсе үйренеміз десе, оған да әрдайым жол ашық. Түбіміз, дініміз бір, тіліміз жақын халықтар ретінде бұл салада тізе қоса еңбек етпесек болмайды.
Батырбек Хадыс,
Моңғолия мұсылмандары одағының атқарушы әкімі, Моңғолияның Бас мүфтиі:
– Қазақстан жерінде «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты тұңғыш имамдар форумының өтуі тек Қазақстан халқы үшін ғана емес, сонымен қатар, өзге елдерді мекен ететін қазақ мұсылмандары үшін де үлкен оқиға болды. Біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен үнемі қарым-қатынас жасап тұрамыз. Аталмыш мекеменің тізгінін ұстап отырған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына алғысымыз көп. Өйткені, сол кісінің ұйытқы болуымен Моңғолиядағы қазақ имамдарына ұлттық нақышта тігілген шапандар, сондай-ақ, мұсылман жамағат үшін қазақ тіліндегі діни әдебиеттер жеткізіліп жатыр. Моңғолия мұсымандары атынан тарихи Отанымыздағы дін саласында жүрген азаматтарға рахметімді айтамын.
Зұлқарнай Шәкірзянов,
Ресейдің Сібір Федералды округының Бас мүфтиі:
– Қазақ елінде Республикалық имамдар форумының өткізілуі – діни саладағы елеулі жаңалық. Бұл басқа елдер үшін де өзектілігі бар тәжірибе деп айтар едім. Бізді осындай айтулы іс-шараның қонағы болып, қатысу үшін арнайы шақырған Бас мүфти Ержан қажы Маямеровке рахметімді айтқым келеді.
Қазақстанның діни саласы қарқынды дамып келе жатқанына куә болып отырмыз. Бүгінгі форум оны тағы бір дәлелдегендей. Сіздердегі діннің жақсы дамуы іргелес жатқан бізге де әсер етпей қоймайды. Сондықтан, Ресей мен Қазақстан мұсылмандары тізе қосып, алға қадам басар болсақ, көп жетістіктерге берге жетеріміз айқын.
Замир Ракиев,
Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти:
– Бауырлас қазақ еліне келіп, осындай айтулы іс-шараның куәгері болып отырғаныма қуаныштымын. Бұл шынымен де діннің дамуын алға бастыратын, болашаққа жоспар жасалған шара болды. Форум барысында Діни басқарманың ұйытқы болуымен маңызды құжаттар қабылданып жатыр. Мұндай құжаттар ел ішіндегі бірлікті, татулықты, өзара ынтымақты көздегеннен туындап отырғаны жасырын емес.
Қазақстан мен Қығызстанның діни басқармалары әрдайым өзара ынтымақтасып, қоян-қолтық араласып жұмыс жасап келеді. Сіздерде болған шараларға біздің діни қызметкерлеріміз, біздегі өтетін іс-шараларға сіздердің мамандарыңыз да үнемі келіп, қатысып жүр. Бұл екі елдің алған бағыты бір, құндылықтары ортақ екенін паш етеді. Бүгінгі форумның да тек Қазақстан үшін емес, Қырғыз елі үшін де маңызы зор.
Жанболат Оқтаубаев,
Алтай Республикасының Бас мүфтиі:
– Тарихи Отанымыздың Елордасында өтіп отырған І Республикалық имамдар форумы – ел тарихындағы елеулі шара. Біз де Алтай өңірінен келіп, осындай маңызды іс-шараның куәсі болып жатырмыз.
Алтай Республикасындағы мұсылмандардың көбі – қазақтар. Ислам діні біздің елде де жақсы дамып келеді. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қосып отырған үлесі мол. Атап айтар болсам, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының ұйытқы болуымен Алтайға Қазақстаннан ұлттық шапандар және діни кітаптар жіберілді. Алдағы уақытта жергілікті қазақ мұсылмадарының оқуы үшін «Ислам және өркениет» газеті де келеді деп күтілуде. Сонымен қатар, біздің шәкірттеріміз Қазақстандағы діни оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Осындай көмегі үшін Бас мүфти Ержан қажыға, Діни басқарма қызметкерлеріне алғысымды білдіремін.
Дайындаған:
Ескендір Тасболат