Қасиетті Рамазан айымен ұштаса келіп жеткен Наурыз мерекесіне орай ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте «Қош келдің, әз-Наурыз!» мерекелік сайысы өтті.
Сайысқа Бас мешіт ұстаздарының нәзік жанды шәкірттерінен құралған 9 команда қатысты. Әр команда атауларына қазақтың танымал тұлғаларының есімдері берілді.
Сонымен шара қасиетті Құран сүрелерін оқудан басталып, 3 жыл бойы үздіксіз жасалып келе жатқан Құран хатымының дұғасы жасалды.
Сайыс 4 кезеңнен тұрды: 1) таныстыру; 2) ет мүшелеп, табақ тарту; 3) дастархан батасын беру; 4) сыр сандық (қазақтың ұлттық тағамдарының жасалуына, атауларына қатысты сұрақ-жауап).
Сайысқа қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы, елге сыйлы Айниаш, Айман апайлар қазылық етті.
Сайыс нәтижесінде «Сәлем – сөздің анасы» номинациясы бойынша Кенесары, Қабанбай, Абылай хан ауылдары, «Дастархан мәзірі» номинациясы бойынша Абай, Ахмет, Шәкәрім ауылдары, «Баталы құл арымас» номинациясы бойынша Жамбыл, Ыбырай ауылдары арнайы дипломдармен, сый-сияпаттармен марапатталды.