Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудқа оның Сауд Арабиясы Корольдігі тағына отыруына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев Корольге Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан шынайы құттықтауы мен ізгі тілегін жолдады.
«Сіздің басшылығыңызбен Сауд Арабиясы Корольдігі ислам жамағатына қызмет етуді мақсат тұтқан саясатын табысты жалғастыратынына сенімдімін. Корольдіктің өз дамуында жаңа белестерге көтерілуіне және халықаралық аренадағы рөлінің артуына тілектестік білдіремін», – делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы достық және әріптестік қатынастар екі елдің игілігі жолында тереңдей береді деп үміттенетінін жеткізді.
Қазақстан Президенті соңында Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудқа денсаулық пен амандық, болашақтағы игі істеріне табыс, ал достас Сауд Арабиясы халқына береке-бірлік тіледі.
hibatulla.kz