Бүгін Баспасөз орталығында Рамазан айына арналған "Ізгіліктің бастауы - қасиетті Рамазан" атты брифинг өтті. Жиынға «Ақ жол», «Жамбыл-Тараз», «Арай», «Ғұмыр дария», «Знамия Труда» газеттері мен «Jambyl», «77», «Тараз 24» телеарналарының, ZHAMYLNews ақпараттық порталының тілшілері қатысты.
Баспасөз мәслихатында Рамазан айының артықшылығы, мұсылман халқының аталған айды тойлауы, ондағы сауаптар мен ерекшеліктер сөз болып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының халыққа үндеуі жеткізілді. Сонымен қатар діни басқарма тарапынан келген бұйрық бойынша атқарылатын іс-шаралар легі тілге тиек болды.
Бас имам Бейбіт қажы Мырзагелдиев өз сөзінде: «Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Ораза адамға өзін-өзі тәрбиелеуге берілген мүмкіндік. Орталық Азия елдерінің мүфтилерімен, ондағы пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылданды. Алла қаласа, биыл рамазан айы 23 наурызда басталады. Ал сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі» - деп атап өтті.
Қасиетті айда ауызашарлар таратылып, мешітте рухани іс-шаралар ұйымдастырылады. Біздің мешіттерде Құран хатымдары оқылады. "Мешіттеріміздің есігі ардайым ашық, рухани ахуалдарыңызды көтеріп, Рамазанда игілікке асығыңыз" - деп шақырды бас имам.
Тілшілер қосымша сауалдарын қойып, мардымды жауаптарын алды.
Айта кетейік, биыл пітір мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Пітір садақасын онлайн түрде мобильді банк қосымшасында пітір-садақа бөлімі арқылы да аударуға болады.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі