Түркия мен БАӘ алдағы бес жылда сауда көлемін 40 миллиард долларға жеткізуді мақсат ететін жан-жақты экономикалық серіктестік туралы келісті. Келісімге Абу-Дабиде БАӘ Сыртқы сауда жөніндегі мемлекеттік министрі Тани бен Ахмед әл-Зейюди, БАӘ Экономика министрі Абдулла бен Тоук Әл Мари және Түркияның Сауда министрі Мехмет Муш қол қойды.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен оның әмірлік әріптесі шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян шараға қатысушыларға бейнебайланыс арқылы үндеу жасады. БАӘ басшысының айтуынша, келісім «елдер арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңін бастауға мүмкіндік береді, сонымен қатар сауда байланыстары мен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді».
БАӘ мен Түркия жан-жақты экономикалық серіктестік туралы келіссөздерді Абу-Дабидің сол кездегі мұрагер ханзадасы және Әмірлік Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммедтің 2021 жылдың қарашасында Анкараға сапарынан кейін көп ұзамай бастады. Бұл БАӘ үкіметі өкілінің 2012 жылдан бері Түркияға бірінші рет жоғары деңгейдегі сапары болды. Содан кейін БАӘ Түркия экономикасына инвестиция үшін 10 миллиард доллар бөлді. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 18,9 миллиард долларға жетті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. Бүгінде Түркия БАӘ-нің экономиканың шикізаттық емес секторындағы алтыншы сауда серіктесі болып табылады.
asyldin.kz