ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Батыржан Мансұров Шымкент орталық мешітінде «Қазақстандағы діни ахуал: ағымдар мен жамағаттар» тақырыбында өткен аймақтық семинарда дін қызметкерлеріне дәріс оқыды.
«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ұйымдастырылған рухани-танымдық семинарға қалалық Дін істер басқармасы «Діни мәселелерді зерттеу» орталығының дінтанушы мамандары мен мешіт имамдары қатысты.
Батыржан Берденұлы семинар барысында уағыз-насихат айту әдебі мен ережесіне айрықша тоқталып, өзінің мол тәжірибесін бөлісті. Өте қызықты һәм тартымды өткен семинарды қатысушылар тапжылмай тыңдап, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауабын алды. Сондай-ақ семинарға әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов арнайы қатысып, имамдарға дәріс оқыды. Семинар соңында Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы мәртебелі ұстаздарға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Сапар барысында РАНТ мүшесі Батыржан Берденұлы Қаратау ауданының Сайрам тұрғын алабында жұма уағызын жүргізіп, мешіт жамағатымен кездесті. Бөлім меңгерушісі «Кісі ақысын жеу – үлкен күнә» тақырыбында уағыз айтып, елді бірлікке, ынтымаққа шақырды. Сондай-ақ, биылғы жылы ҚМДБ тарапынан «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» деп жария етілгендігін айрықша атап өтті. Жұма намазын жамағатпен оқып, бірге ел тыныштығы мен бірлігі үшін бата жасады.
Бұдан кейін РАНТ мүшесі жергілікті тұрғындармен жүздесіп, ынтымақ-бірлік, дұрыс жолды ұстану жөнінде рухани насихат айтты.