Атырауда бата беруден облыстық сайыс өтті

Атырауда бата беруден облыстық сайыс өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ел ағалары қатысқан сайысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында  Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешіті ұйымдастырды.

Бата беру дәстүрін дәріптеу, аталы сөздердің қадір-қасиетін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған игі шараға 14 үміткер қатысты. 40-63 жас аралығындағы үміткерлер сайыста екі бөлім бойынша білімдерін сарапқа салды.

Бірінші бөлімде қатысушылар өздері жаттаған баталарын нақышына келтіре орындады. Екінші бөлімде қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптарына байланысты қойылған танымдық сұрақтарға жауап берді. Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Саадат Нұрманов жеңіп алды. Екінші және үшінші орындарды Теміржан Баймұханов пен Самиғолла Бәделұлы өзара бөлісті.

Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев жастарға бағыт сілтеу – ұлттық құндылықтарымызды, қазақы тәрбиемізді насихаттау арқылы жүзеге асырылуы керек екендігін айтты.

«Баталы сөздерде қазақтың тарихы, салт-сана, салт-дәстүрі, болмысы, адамгершілік келбеті, жанұя жарастығын сақтау, ұрпағын тәрбиелеуге негізделген керемет игіліктер көрініс тапқан. Батадағы ғибратты сөздер ұрпақты әділетті, салиқалы, көркем мінезді болуға тәрбиелейді» дейді Хайролла Көшқалиев .

Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешовтің айтуынша, мұндай рухани шаралардың қажеттілігі, маңызы өте жоғары.

«Ескірмеген салттың бірі – бата беру. Қазақ бала кезінен ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені батаның адам өміріне тигізер әсері зор болғаны тарихтан белгілі. Сенімге негізделген батада айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән келтірмеген. Сондықтан, мұндай игі шаралар көптеп өтуі керек» дейді Мұрат Өтешов.

Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы іс шараның мүфтият жариялаған «Ислам және ізгі қоғам» жылына орайластырылып отырғанын айтты.

«Қазылар алқасы қатысушылардың ұлттық киім үлгісіне, сахна мәдениеті, батаны жеткізуіне баса назар аударды. Көрермен көзайымына лайық деп танылған Қызылқоғалық Ахат Өскінбайға ауыл жанашырлары кіші қажылыққа жолдама берді. Біздің мақсатымыз – бата беру дәстүрін жаңғырту, кейінгі буынға үлгі ету» дейді Алтынбек Ұтысханұлы.

 

 

 
 
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: