Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Францияда өмір сүріп жатқан еврейлерді тарихи отанына оралуға шақырды. Бұған Франциядағы лаңкестік әрекеттен кейін орын алған қауіпті жағдай себеп болып отыр.
Бірер күн бұрын ғана Парижде лаңкестік әрекеттерден қаза болғандарды еске алу маршы болып өтті. Оған үш жарым млн-нан астам адам қатысты.
Шеруді опат болғандардың туған-туыстары бастады. Сондай-ақ қаралы топта Германия, Ұлыбритания, Италия, Израиль, Бельгия, Испания, Палестина мен өзге де елдердің басшылары бар.
Манифестанттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бес жарым мың полицей мен жандарм және әскерилер жұмылдырылды. Марш толықтай үнсіздікте өтті.
Франциямен қатар еске алу шаралары АҚШ, Ұлыбритания, Латын Америкасы мен Еуропа елдерінде де өтті. Осылайша әлем халқы француздардың қайғысына ортақтасып жатыр.
"Көшіп келем деген Еврейлерді Израиль қуанышпен қабылдайды. Оларды барлық жылулықпен құшақ жая қарсы аламыз. Олар бөтен жерге келмейді. Ата-бабаларының байырғы үйіне оралады. Құдайдың көмегімен олардың көбі Израильге қоныс аударады", - дейді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.
hibatulla.kz