2014 жылдың қаңтар айының 2-нен 3-не қараған күн - пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туған күні!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазастан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІ МҮБӘРАК БОЛСЫН!
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар, ардақты ағайын!
Күллі мұсылман қауымы адамзаттың абзалы болған, екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туған айы - мәуліт мерекесін мешіт-медреселерімізде, рухани басқосуларда атап өтуде.
Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туған уақытына байланысты тойланатын мейрам - мәуліт мерекесі деп аталады. Қазіргі таңда мәуліт көптеген мұсылман елдерінде атап өтіледі. Бұл - дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың, пайғамбардың теңдессіз тұлғасын паш етудің орайлы бір сәті.
Әлемдердің Раббысы қасиетті Құранда пайғамбарымызды (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (Қалам сүресі, 4-аят), - деп сипаттаса, тағы бір аятта барша адамзатты Алла Елшісінен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын ) өнеге алуға шақырады: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят).
Бүкіл ғаламға мейірім ретінде жіберілген елшінің есімін ардақтау, сүннетіне амал ету һәм оған салауат айту - сауапты іс. «Салауат» сөзі - истиғфар, кешірім сұрау, дұға, береке, намаз секілді мағыналарды қамтиды.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өз үмбетіне: « Кімде-кім таңғы және кешкі уақыттарда маған арнап он рет салауат айтып, сәлем жолдаса, қиямет күні менің шапағатыма бөленеді », - деп өсиет қалдырған.
Шарапаты мол мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамда пайғамбар өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Бұл мерекеде Алла Тағаладан адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың, қайырымдылықтың арта түсуін тілейміз. Мәуліт мерекесінде айтылған салауатымыз бен құлшылық, дұға-тілектеріміз қабыл болғай!
Мәуліт мүбарак болсын, мұсылман бауырлар!
Жаратушы Иеміз елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағын арттырып, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, еліміздің егемендігі баянды болғай! Әмин!